11.04.2008, 18:55 3177

Қырғызстан парламенті қырғыз-қазақ шекарасы туралы келісімді бекітті

Қырғызстан парламенті қырғыз-қазақ шекарасы туралы келісімді бекітті

Бішкек. 11 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қырғызстан парламенті бүгін Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы шекара туралы келісімді бекітті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қырғызстан парламентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"2001 жылдың 15 қаңтарында Астана қаласында қол қойылған "Қырғызстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қырғыз - қазақ мемлекеттік шекарасы жөніндегі келісімді ратификациялау туралы" Қырғызстан Республикасының заң жобасы бүгін парламент отырысында мақұлданды. Осы мәселе бойынша 82 депутат дауыс берді. Оның 65-і қолдап, 14-і қарсы болып, үшеуі дауыс беруден қалыс қалды", - деп хабарлады парламенттің баспасөз қызметі.

Құжатты бекітуге екі фракция қарсы болды. Олар заң жобасын екі оқылымда қабылдауды талап етті. Алайда Жогорку кенеш спикері Адахан Мадумаров мұндай қажеттіліктің жоқ екенін мәлімдеді. Өйткені, келісім шекараны өзгертпейді, тек бұдан бұрын екі мемлекеттің үкіметтері бекіткен сызықты заңдастырады. Құжат кейбір аумақтар бойынша пікір қайшылықтарының болуына қарамастан "Ақ Жол" халықтық партиясының фракциясының арқасында мақұлданды.

Жогорку кенештің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні қырғыз-қазақ шекарасында даулы екі жер қалған. Ол жерлер Талас және Шу облыстарында орналасқан. Келісімді бекіткеннен кейінгі өзгерістер 18 жер бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар, "Ақ Жол" партиясының мүшелері шекаралас аудандардың халқы жер алмасуға қарсы емес екендігін атап көрсетті.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқарбек Бешімов өз кезегінде шекара мәселесін шешу Қырғызстанның мүддесіне сай келеді деп пайымдайды. "Біздің бұл құжатты талқылап жатқанымызға жеті жыл болды. Сондықтан, бұл мәселеде мен ешқандай асығыстық көріп тұрғаным жоқ", - деді және ол екі мемлекет арасында проблема тудырып отырған бірқатар мәселелер жойылатынын айтты. Сонымен бірге, парламенттің бүгінгі отырысында Ыстықкөлдегі Қазақстанның төрт пансионаты мәселесін де шешіп тастау туралы ұсыныс қолдау таппады. Оны қарастыру кейінге қалдырылды.

Шекара мәселесінің тыңдалымы үрдісін түсіндіре тұрып, Жогорку кенеш спикері А. Мадумаров Қырғызстан президенті Қазақстанға барар сапарының алдында шекара, пансионат мәселесін тез арада шешуді өтінбегенін атап көрсетті. Бұған бастамашы болған бірінші кезекте Қырғызстан Республикасының парламентінің жекелеген комитеттерінің өкілдері. "Бұл президент әкімшілігінің өтініші болған жоқ. Мен мұны тарих үшін атап айтқым келеді", - деді Мадумаров.

Келісімді бекіткеннен кейін Қырғызстан мемлекеттік шекарадағы кейбір жерлердің мәселесін Қазақстанмен талқылауға шығарады деп күтіліп отыр. Алайда, бұл тек құжат БҰҰ-ның депозитарийіне енгізілгеннен кейін ғана жүзеге асады, деп хабарлайды Жогорку кенеш.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны