20.12.2006, 10:47 2975

Қырғызстан үкіметі отставкаға кетті

БІШКЕК. 20-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қырғызстан үкіметі толық құрамда отставкаға кетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Өкілеттіліктен өз еркімен бас тарту туралы шешім кеше үкіметтің шұғыл отырысында қабылданды. Қырғызстан үкімет басшысы Феликс Куловтың айтуынша, шешім елдің жаңа конституциясына байланысты. Мәселен, республика парламенті-Жогорку кенеш шешімдерінің заңсыздығы да бір себеп болды, деді ол. Үкімет басшысының айтуынша, елдің жаңа Ата заңына сәйкес, парламент депутаттарының саны қазіргідей 75 емес, 90 болуға тиіс. Демек, түрлі шешімді қабылдау үшін 38 емес, 46 депутат дауыс беруге тиіс.

"Біз жаңаша реформаларға жол ашуға тиіспіз. Демократия іс жүзінде орнығып, парламент партиялық тізім бойынша сайлануға тиіс",- деп мәлімдеді үкімет басшысы.

Ф.Куловтың хабарлауынша, отставкаға кету жөнінде үкіметтің әрбір мүшесімен алдын-ала келіскен. "Мен бұл отырысқа ертеден дайындалдым. Сіздердің әрбіреулеріңізбен жеке кездестім. Мен өзіміздің қадамымыздың дұрыстығына көз жеткізу үшін пікірлеріңізді тыңдадым",- деді ол.

Өз кезегінде Қырғызстан вице-премьері Данияр Үсеновтің пікірінше, "республика парламенті жұмыс істеген кейіп білдіріп қана отыр". "2007-жылға арналған бюджет тіпті қарауға да қабылданған жоқ, егер еліміз 2007-жылдың 1-қаңтарына бюджетсіз енсе, онда қаңтардың 10-шы жұлдызында үкіметтің барлық төлемдері іс жүзінде заңсыз болмақ",- деп мәлімдеді Д.Үсенов. "Бізді жасанды жолмен тығырыққа тіреу құбылысы байқалуда. Егер депутаттар өз бетімен тарап кетсе, логикаға сай болар еді. Соған қарағанда әлдекім бұл қадамды бірінші болып жасауға тиіс секілді",- деді ол.

Отырыста үкіметтің барлық мүшелері сөз алды. Олардың бәрі де отставкаға кетуге дайын екендіктерін білдірді.

Мәселен, көші-қон және жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрайымы Айгүл Рысқұлованың айтуынша, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елде саяси ахуал күрделілене түсті."Егер үкімет бүгін отсавкаға кетсе, онда, депутаттар да табандылық танытып, мемлекетіміздің болашағын ойлап өз беттерімен тарау туралы шешім қабылдауы тиіс",- деді А.Рысқұлова.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар отставка туралы шешім қабылдап, оны Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевке жолдады.

Үкіметтің шұғыл отырысынан бірнеше сағаттан кейін мемлекет басшысы Мықтыбек Ибділдаев басқарған президент әкімшілігінің бөлім меңгерушілерімен және үкімет басшысы Феликс Кулов басқарған үкімет мүшелерімен кеңес өткізді. Кездесуде үкімет басшысы Қ.Бакиевке үкіметтің шешімін жеткізді.

"Бізді мұндай шешім қабылдауға итермелеген басты себеп - біздің консенсусқа, биліктің барлық бұтақтары арасындағы түсіністікке талпынуымызда және үкіметтің реформаларға дайын екендігіне байланысты",- деді Ф.Кулов. "Үкімет мүшелерінің пайымдауынша, реформалау құбылыстарына серпін беру үшін отставкаға кетіп, тиісті өзгерістерді жүзеге асыру қажет",- деп мәлімдеді ол.

Өз кезегінде Қ.Бакиев : "үкіметтің бұл шешімі Конституция шеңберінде қабылданып отыр және ол атқарушы биліктің айрықша құзыретіне жатады",- деп мәлімдеді. "Мен сіздердің шешімдеріңізге түсіністікпен қараймын және үкіметтің отставкасын қабылдаймын",- деді президент .

Мемлекет басшысы жаңа үкімет жасақталғанға дейін үкімет басшысы басқарған барлық үкімет мүшелері өз міндеттерін атқара беретінін еске салды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны