25.05.2010, 11:44 2763

Қырғызстанның уақытша үкіметі Қазақстанның инвестицияларын сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды қолға алуда

Қырғызстанның уақытша үкіметі Қазақстанның инвестицияларын сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды қолға алуда

Бішкек. 25 мамыр. Kazakhstan Today - Қырғызстанның уақытша үкіметі Қазақстанның инвестицияларын сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды қолға алуда. Бұл туралы кеше Қырғызстан уақытша үкіметі төрайымының орынбасары-қаржы министрінің міндетін атқарушы Темір Сариев Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Ибіқаевпен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Кездесу барысында Т.Сариев Н.Ибіқаевтың бұл сапары екі мемлекет пен бауырлас халықтардың көршілес және достық қарым-қатынасының жақсы белгісі болып табылатындығын атап өтті.

Сонымен қатар, Т.Сариев сұхбаттасушысына Қырғызстанның қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайы, уақытша үкіметтің жоспарлары мен қызметі, атап айтқанда, ел Конституциясының жаңа нұсқасы бойынша жалпыхалықтық референдумның дайындалу барысы, сондай-ақ парламенттік сайлау туралы ақпарат берді.

Кездесуде қырғыз-қазақ мемлекеттік шекараларындағы барлық пункттердің ашылуына, сондай-ақ қырғызстандық азаматтарды Қазақстан аумағында тіркеу режимі мәселелеріне баса көңіл бөлінді.

ҚР уақытша үкіметі төрайымы орынбасарының пікірінше, Қазақстанмен болатын стратегиялық әріптестік пен одақтық қарым-қатынастар Қырғызстан сыртқы саясатының ең маңызды басымдығы болып қалады.

Сондай-ақ, екі жақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Ибіқаев пен Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті, уақытша үкіметтің төрайымы Роза Отунбаеваның кездесуінде де талқыланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today уақытша үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны