25.09.2006, 14:23 3140

ҚР СІМ басшысы БҰҰ Бас ассамблеясы аясында бірқатар кездесулер өткізді

ҚР СІМ басшысы БҰҰ Бас ассамблеясы аясында бірқатар кездесулер өткізді

АСТАНА. 25-қыркүйек.Kazakhstan Today. Нью-Йоркте қыркүйектің 22-23-інде БҰҰ Бас Ассамблеясының 61-ші сессиясы аясында сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

БҰҰ Бас хатшысының бітімгерлік операциялар бойынша орынбасары Жан-Мари Гуэнномен әңгімеде Қазақстанның әскери құрылымдарының бейбітшілікті қолдау операцияларына қатысуы, атап айтқанда, Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында 2003 жылы қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес "Қазбат" бітімгерлік батальонын қатыстыру мәселелері талқыланды.

БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Ибрагим Гамбаримен кездесуде Ауғанстаннан есірткі тасымалымен күрес, көші-қон барысын реттеумен қоса, Орталық Азияда қазіргі заманғы қауіп-қатерге қарсы тұру мәселелері қаралды. Сонымен бірге Орталық Азияда БҰҰ-ның дипломатия мен дау-жанжалды болдырмау орталығын ашу мүмкіндігі жөнінде пікір алмасылды.

И.Гамбари Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бейбітшілікті нығайту мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдірді.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Семейде қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге жоғары баға берді.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Анварул Чоудхури және ЮНИФЕМ атқарушы директоры Ноелин Хейзермен келіссөзде Қазақстанның БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерімен ынтымақтастығы тілге тиек етілді.

Сонымен бірге қазақстандық министр Гватемала, Иордания, Индонезия, Ливия, Македония, Эстониядан келген өз әріптестерімен кездесіп, БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны