19.02.2007, 17:21 2884

ҚР СІМ еліміздің аумағында ядролық материалдар бар деген ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. 19-ақпан. Kazakhstan Today. ҚР СІМ 15-ақпанда өткен парламент отырысында мәжіліс депутаты Тоқтар Иубәкіров айтып, артынан оны кейбір БАҚ-тар іліп әкеткен "еліміздің аумағында ядролық материалдар бар" деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазақстан Республикасының аумағында, атап айтсақ, Атырау облысындағы бұрынғы Азғыр сынақ полигоны аумағында ядролық зарядтар мен ядролық қондырғы бар деген ақпарат шындыққа сай келмейді",- деп мәлімдеді бүгін ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев. Оның айтуынша, "әңгімеге өзек болып отырған нысан ядролық сынақтар жүргізу мақсатында ешқашан пайдаланылмаған және онда ыдырайтын материалдар жоқ".

Елші осы орайда "қуаты жағынан әлемде төртінші орын иемденетін ядролық қарудан өз бетімен бас тартқан, ядролық сынақ полигонын жапқан, сондай-ақ, Орталық Азия аймағында ядролық қарудан ада өңір қалыптастыру туралы келісім-шартына қол қоюға бастама көтерген Қазақстан Республикасы ядролық қару жасау, сақтау және оны пайдалануға жол беруге болмайды деген ұстанымына бекем бағынады", деп атап өтті.

"Ядролық қарусыз ел ретінде Қазақстан ядролық қару таратпау, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісім-шартының ережелерін, сондай-ақ, ядролық қарудан бас тарту және оны таратпау саласындағы басқа да халықаралық міндеттемелерін бұлжытпай орындайды. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық ядролық іс-қызмет Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) кепілдігі аясында жүзеге асырылады",- деді СІМ өкілі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны