28.03.2007, 11:12 2918

ҚР СІМ Қырғызстан, Тәжікстан; Өзбекстан сыртқы істер министрлерімен және Түрікменстан сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесті

АСТАНА. 28-наурыз. Kazakhstan Today. 27 наурызда Астанада сыртқы істер министрі Марат Тәжин Қырғызстан сыртқы істер министрі Эднан Қарабаев, Тәжікстан сыртқы істер министрі Хамрохон Зарипов, Өзбекстан сыртқы істер министрі Владимир Норовпен және Түрікменстан сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиевпен кездесті. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігі ҚР СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл кездесу "Еуропалық Одақ үштігі - Орталық Азия елдері" форматы аясында өтті. Аталмыш форматтағы бас қосу бүгін Астанада өтеді. "Кездесу барысында аймақтық ынтымақтастыққа қатысты кең көлемді мәселелер бойынша пікір алмасылды",- деп хабарлайды мекеме.

Тараптар Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасында аймақаралық форматтағы ықпалдастықтарды пәрмендендіре түсу қажеттігін атап өтті. Министрлер сонымен қатар Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясын қабылдау жоспарына қолдау білдіріп, ол құжатта Еуропалық Одақтың аймақ елдерімен ықпалдастықтың түрлі салалардағы саясатын жүзеге асыруға қатысты тәжірибелік нұсқаулар мен көзқарастары көрініс табады дегенге сенім білдірді.

М.Тәжин кеше сондай-ақ Португалияның Ресейдегі елшісі Мануэль Куртуды қабылдады. Олар "Еуропалық Одақ - Орталық Азия" диалогы шеңберіндегі екі жақты ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі кездесудің басты тақырыбы Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты 2007-2013-жылдарға арналған жаңа стратегиясын талқылауға бағыталмақ. Бұл стратегияның жобасын Германияның төрағалық етуімен қазір Еуропалық Одақтың орталық органдары дайындауда. Стратегия осы жылдың маусым айында өтетін Еуропалық Одақ саммитінде мақұлданады деп күтілуде. 2006-жылдың көктемінде Германия жағы Қазақстан мен басқа да өңір елдерінен стратегияның мазмұнына қатысты көзқарастарын айқындайтын ұсыныстар келтіру жөнінде өтініш білдірген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны