20.02.2007, 15:20 2955

ҚР СІМ үкіметаралық комиссиялардың жұмыс тиімділігін бағалау тәжірибесін енгізбекші

АСТАНА. 20-ақпан. Kazakhstan Today. ҚР СІМ үкіметаралық комиссиялардың жұмыс тиімділігін бағалау тәжірибесін енгізбекші. Бұл туралы ҚР СІМ Марат Тәжин бүгін үкіметтің отырысы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"...Үкіметаралық комиссия деп аталатын екі жақты ықпалдастық тетігінің тиімділігі мен қайтарымын көтеру мәселесі күн тәртібінде тұр. Олардың кейбіреуі мүлдем жұмыс істемейді дегенді ашық айту керек",- деді М.Тәжин. Осыған байланысты СІМ "әрбір органның жұмысын бағалау мен тиісті ақпаратты ел басшылығы- мемлекет басшысы мен үкімет басшысының назарына жеткізіп отыру" тәжірибесін қолданысқа енгізбекші.

Республиканың сыртқы істер министрлігі сонымен бірге екі жақты және көп жақты халықаралық келісімдерге қол қоюға дайындау, қол қою мен оларды жүзеге асыруға қойылатын бақылауды күшейтпекші. "Өкінішке орай келісімдердің жобасын жасауға сапар қарсаңында ғана асығыс түрде кіріседі. Соның салдарынан халықаралық келісімдерге қол қоюдың белгіленген тәртіптері бұзылып, олардың нақты экономикалық, қаржылық және сыртқы саяси орындылығына үстірт талдау жасалып, оның ақыры осындай келісімдер бойынша олардың күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік процедураларды ұзақ уақыт бойы жүргізбеуге алып келеді",- деді М.Тәжин. "Келісім-құқықтық базаны дамытуда мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесіне сай келетін прагматикалық көзқарас үстем болуға тиіс",- деді министр.

Сонымен бірге М.Тәжин өңіраралық байланыстарды дамыту саласында тәжірибелік қайтарымдылыққа күрделі талдау жүргізу қажет деп санайды. "Бүгінде өңіраралық байланыстар сәнге айналды, алайда, олардың тиімділігі күдік туғызады, олар бейнебір декларацияға айналып бара жатқандай",- деді министр. "Осы жұмыстарды СІМ қадағалап, үйлестіруге тиіс",- деді М.Тәжин.

Министр сонымен бірге сыртқы істер министрлігінде ел басшылығының шетелдерге сапарларының мазмұны мен оларды ұйымдастыру мәселелерін дәйектеу жөнінде үйлестіру кеңестерін өткізу тәжірибесін енгізуді ұсынды. "Тиісінше шетелдерге жұмыс бабындағы іссапарлардың қорытындысы бойынша СІМ-іне егжей-тегжейлі есеп тапсырылып, ол әріқарайғы талдауларға және біздің шетелдердегі мекемелерге берілетін тапсырмаларға арқау болуға тиіс",- деді ол. "Бұл әлемнің көптеген елдерінде қабылданған қалыпты тәжірибе, ол еліміздің қазіргі сыртқы саясатын қамтамасыз ететін заңнамалық базаға толық сай келеді",- деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны