24.04.2012, 11:59 4117

ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарымен таныстырды

Сыртқы істер министрі өз сөзінде, осыдан бірер күн бұрын өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің сыртқы саясаттың маңызды бағыттары мен басымдықтарын айқындап, Министрлікке алдағы кезеңге арналған нақты тапсырмалар бергенін атап көрсетті.

Астана. 24-сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін Парламент Мәжілісінде "Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары: міндеттер және болашақ" деген тақырыппен өткен үкімет сағатында Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарымен таныстырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Сыртқы істер министрі өз сөзінде, осыдан бірер күн бұрын өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің сыртқы саясаттың маңызды бағыттары мен басымдықтарын айқындап, Министрлікке алдағы кезеңге арналған нақты тапсырмалар бергенін атап көрсетті.

"Жалпы алғанда, Алқа қорытындысы бойынша Елбасымыз белгілеп берген стратегиялық міндеттерді біз нақты іс-қимыл ретінде қабылдадық... Біз халықаралық ұйымдар шеңберіндегі, бірінші кезекте БҰҰ-дағы белсенді қызметімізді ойдағыдай жалғастырудамыз... Біз Алматы қаласын көп тарапты дипломатияның субөңірлік хаб орталығына айналдыру және Алматыда БҰҰ Хатшылығының ірі офисін ашу міндетін алға қойып отырмыз", - деп мәлім етті Ержан Қазыханов бүгін Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында.

Сондай-ақ, Қазақстанның алдында 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып, ал 2013-2015 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесіне сайлану мақсаты тұр.

"Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуіміз Қазақстанның Мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы диалогты кеңейту туралы тағы бір бастамасын іске асыруға мүмкіндік берді. Біз жинақталған тәжірибемізді алдағы уақытта Астана қаласында өтетін Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлері 4-інші съезінің шеңберінде еліміздің "жаңғырту" үлесін арттыру үшін өркениеттер диалогын дамытуға пайдалануды жоспарлап отырмыз", - деді министр өз сөзінде.

Тағы бір сыртқы саяси маңызды басымдық жасыл технологиялар трансфертіне және трансшекаралық ынтымақтастыққа бағытталған Астаналық "Жасыл көпір" бастамасын іске асыру және қазіргі заманғы энергетикалық проблемаларды шешу мақсатындағы ЖаҺандық энергиялық-экологиялық стратегияны ілгерілету мәселелері болып табылады. Бұл мәселелер үстіміздегі жылғы маусым айында Бразилияда өтетін "Рио+20" Дүниежүзілік конференциясының талқылауына енгізілмек.

"Сондай-ақ алдағы уақытта өткізілетін Астана экономикалық форумы айрықша маңызға ие. Онда Президенттің әлемдік дағдарыстан шығу жөніндегі "G global" идеясы талқыланатын болады", -деді Е.Қазыханов сөйлеген сөзінде.

Оған қоса, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Астанада ЭКСПО-2017 өткізу жөніндегі өтінішті ілгерілетуге қатысты белсенді жұмыстар жалғастатын болады.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, біз Қазақстанның сыртқы саясатының "азиялық векторын" дамыту жөніндегі тұжырымдамалық көзқарастар мен практикалық шараларды әзірлейтін боламыз. Мұның мақсаты - біз үшін өзекті болып табылатын азиялық мемлекеттермен қарым-қатынастағы жаңа сауда-экономикалық және инвестициялық стратегияны әзірлеу",- деп атап көрсетті сыртқы істер ведомствосының басшысы өз сөзінде.

Айта кету керек, бүгінде стратегиялық әріптестер саналатын: Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Орталық Азия және Еуропалық Одақ мемлекеттерімен Қазақстанның қарым-қатынасымыз сапалы жоғары деңгейде дамуда.

3 млрд-тан астам халқы бар 24 мемлекетті қамтитын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру жөніндегі Қазақстан Президентінің бастамасының іске асырылғанына үстіміздегі жылы 20 жыл толады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз Кеңесті толыққанды Ұйымға айналдыру бойынша жұмыс істеуге кірістік. Осы идеяны алдымен үстіміздегі жылы күзде Астанада өтетін АӨСШК СІМК шеңберінде талқылауды көздеп отырмыз. Осы талқылаулардың қорытындылары бойынша тиісті шешім жобасын 2014 жылғы АӨСШК-нің 4-ші Саммитінің күн тәртібіне енгізуді жоспарлаймыз, - деді Е.Қазыханов өз сөзінде.

Және Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету өзекті стратегиялық міндет болып қалуда. "Тұтастай алғанда, Қазақстан Президенті ұсынған болашақта Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру перспективасымен интеграциялық үдерістерді ілгерілету мақсатында көп жоспарлы ынтымақтастықты жалғастыратын боламыз", - деді ҚР Сыртқы істер министрі бүгін үкімет сағатында сөйлеген сөзінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны