03.10.2008, 18:24 3120

Латвия екі ел арасындағы әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі ынтымақтастық келісімді заң түрінде тезірек бекітуді сұрайды

Латвия екі ел арасындағы әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі ынтымақтастық келісімді заң түрінде тезірек бекітуді сұрайды

Астана. 3 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Латвия екі ел арасындағы әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі ынтымақтастық келісімді заң түрінде тезірек бекітуді сұрайды. Бұл туралы бүгін Латвия Республикасының президенті Валдис Затлерс Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы Аслан Мусинмен кездесуде айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мәжіліс төрағасы меймандарға еліміздің саяси-экономикалық жағдайы жөнінде, Парламенттің құрылымдық өзгерісі, палатаның құрамы жайлы жан-жақты түсінік беріп өтті. Бүгінгі таңда мәжілісте Қазақстанның халықаралық байланысын дамытуға бағытталған заң жобалары қаралып жатыр. Бюджет, Салық кодекстерінің жобасы талқылану үстінде. Келесі жылы еліміз үш жылдық бюджет жоспары бойынша өмір сүетін болады.

Қос мемлекеттің арасында дипломатиялық байланыс 1992 жылы желтоқсанның 10-ында орнатылған. Тауар айналымы 10 млн АҚШ долларын құрап отыр. Екі елдің экономикалық байланысының нәтижесінде 40 бірлескен кәсіпорын құрылып, жұмыс істеуде.

Латвия президенті Валдес Затлерс екі ел арасындағы байланысты одан әрі өркендету мәселесі өзінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуінде әңгіме болғанын жеткізді. "Қарым-қатынасты жан-жақты дамыту қажет. Ол үшін екі елдің басшылары да саяси жағынан қолдау беріп отыр",- деді В.Затлерс.

Кездесуде сөз алған Сейм депутаты Андрис Берзиньш өз елдерінің жоғарғы заң шығару органы төрағасының сәлемін жеткізе келіп, ресми сапармен Латвияға келуге шақырды. Сондай-ақ парламентаралық байланысты дамыту қажеттігін айтты.

Басқосуда әуе қатынасын жаңа деңгейге көтеру мәселесі қозғалды. Ригадан Астанаға тікелей ұшақпен үш сағаттан астам уақыт бойы ұшып келген. Ал бұрын тікелей әуе қатынасы болмаған кезде Ригадан Алматыға дейін өзге елдер арқылы бір тәулік бойы ұшатын болған. Осы орайда кездесуде екі ел арасындағы әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі ынтымақтастық келісімді заң түрінде тезірек бекіту туралы пікір айтылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны