25.01.2008, 13:40 4708

Мәскеуде Кедендік одақты құру жөніндегі құжаттарға қол қойылады деп күтілуде

Мәскеуде Кедендік одақты құру жөніндегі құжаттарға қол қойылады деп күтілуде

Мәскеу. 25 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Мәскеуде бүгін өтетін Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің отырысында Беларусь, Қазақстан және Ресей үкімет басшылары Кедендік одақты құру жөніндегі құжаттарға қол қояды деп күтілуде. Бұл туралы агенттікке ЕурАзЭҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

"Мемлекетаралық кеңес отырысының күн тәртібінде ЕурАзЭҚ аясында Кедендік одақты құруды одан әрі жалғастыру мәселесі қаралады. Қоғамдастыққа мүше алты мемлекеттің президенттері Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің 2007 жылдың 6 қазанында Душанбеде өткен отырысында қабылдаған шешімге сәйкес Беларусь, Қазақстан және Ресей үкімет басшылары осы жолғы отырыста Кедендік одақтың келісім-құқықтық базасын құруға бағытталған құжаттарға қол қояды", -деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, үш елдің үкімет басшылары тоғыз халықаралық келісімнің жобасына қол қояды деп жоспарланған. Бұл келісімдер бірінші кезекте үшінші елдермен біртұтас сауда режимін орнатуға бағытталған, олар болашақ кедендік одақтың конструкциясын айқындап, кедендік одақ комитетінің сыртқы сауда-саттық іс-қызметін реттеу жөніндегі өкілеттіліктерді біртіндеп өткеріп беруді қарастырады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы бағыттағы бұдан былайғы жұмыстар ЕурАзЭҚ аясында Кедендік одақ құру жөнінде үш мемлекет басшысы бекіткен 2007-2010 жылдардға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Мемлекетаралық кеңестің отырысында Қоғамдастық елдерінің нақты экономикалық сектордағы, атап айтқанда энергетика саласындағы ықпалдастығын талқылау межеленген. Үкімет басшылары Орталық Азия аймағындағы су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану тұжырымдамасының дайындық барысын қарайды. ЕурАзЭҚ-тың "Инновациялық биотехнологиялар" атты мақсатты мемлекетаралық бағдарламаның тұжырымдамасы бекітуге беріледі.

Халықтың өмір деңгейі мен өмір сапасын көтеру, негізгі әлеуметтік қызметтердің қол жетімділігін қамтамасыз ету мен халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеруді ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттарға жатады. Мемлекетаралық кеңестің отырысында Қоғамдастық елдерінде әлеуметтік саланы дамыту мен осы саладағы интеграцияны тереңдету шараларын қарастыру жоспарланған.

Отырысқа республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны