04.02.2009, 16:25 3361

Мәскеуде ҰҚШҰ саммиті өтуде

Мәскеуде ҰҚШҰ саммиті өтуде

Мәскеу. 4 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Кремльде бүгін Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтуде, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Саммитке Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан президенттері қатысуда. Күн тәртібінде негізгі екі мәселе бар - ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысын сайлау және ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құру мәселесі.

Бұған дейін ҰҚШҰ сыртқы істер министрлерінің кеңесі бұл қызметке ұйымның қазіргі бас хатшысы Николай Бордюжаны қайта сайлауды ұсынған. РФ президентінің көмекшісі Сергей Приходьконың журналистерге хабарлауынша, "Ресей Бордюжаның кандидатурасын қолдайды".

Кеше Мәскеуге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мәжілісіне қатысады.

Түстен кейін Қазақстан президенті ЕурАзиялық Экономикалық Қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісіне қатысады.

Елбасымен еріп жүрген ресми делегацияның құрамында - Сыртқы істер министрі Марат Тәжин, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетов, президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қайрат Сарыбай, президенттің көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қайырбек Сүлейменов, Қорғаныс министрі Даниал Ахметов, Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев, Қаржы министрі Болат Жәмішев және басқалар бар.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Мәскеуде бүгін, ақпанның 4-інде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысушы елдердің Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы, сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді. Аталған отырыстар барысында 2008 жылғы желтоқсанның 19-ы мен 21-і аралығында Бурабайда өткен мемлекет басшылары саммитіндегі бастамаға сәйкес ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құру мәселесі талқыланбақ. Сонымен қатар, Бурабайдағы саммитте қол жеткен келісімдерге сай ЕурАзЭҚ Үкіметаралық кеңесінің отырысында 10 млрд доллар көлеміндегі ортақ қаражатпен Илемдік дағдарысқа қарсы қорды және Жоғары технологиялар орталығын құру мәселелері қарастырылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны