17.10.2007, 17:57 2730

Мемлекеттік хатшы ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ елшісімен және Қырғызстанның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Мемлекеттік хатшы ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ елшісімен және Қырғызстанның Қазақстандағы елшісімен кездесті.

Астана. 17 қазан. "Қазақстан Бүгін". - Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев бүгін ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ-тың елшісі Джули Финлимен және Қырғызстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Жұмағұл Сааданбековпен кездесті деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Джули Финлимен болған кездесу барысында тараптар ағымдағы жылғы қарашаның соңында Испанияда өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ұйымға мүше 56 мемлекет Қазақстанның ұйымға төрағалық ету жөніндегі өтінішін бекіткен жағдайда, ЕҚЫҰ-ның төрағасы лауазымындағы Қазақстанның басымдықтарын талқылады.

Қазақстан төрағалығының маңызды басымдықтарының бірі - гуманитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының тиімділігін арттыру болмақ.

Қазақстан нәсілшілдік пен кемсітушіліктің барлық формаларымен күресте ЕҚЫҰ-ның күш-жігерін нығайтуға; өзінің ұлтаралық келісім тәжірибесіне арқа сүйей отырып, өркениеттер диалогында Батыс пен Шығыс арасындағы көпір ретінде ұйымды нығайтуға; ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы құзырының кеңеюіне, ұйымның өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуіне және Ауғанстанмен барынша ынтымақтасуына құлықты.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде: "Қазақстанның өтінішіне қатысты оң шешімнің қабылдануы тек біздің еліміздегі ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азиядағы демократияны одан әрі дамытуға қосылған үлкен үлес болар еді. Экономикалық қуатты әрі серпінді дамып келе жатқан демократиялық Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі біздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізге берілген жоғары баға ғана емес, сондай-ақ осы шешімімен ұйымның барлық мүшелерінің теңдігін айқындай түсетін және "Венадан шығысқа қарай" елдерде өзінің беделін нығайтатын Ұйымдағы жалпы ахуалға игі ықпал етеді", - деп атап өтті.

"Илемдік қоғамдастық барлығы 15 жылдың ішіндегі Қазақстанның демократиялық қоғам құрудағы жетістіктеріне және экономикалық табыстарына құрметпен қарайды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниетін Құрама Штаттар нық сеніммен қабылдайды", - деді Джули Финли журналистерге арналған брифингте.

Ал біздің еліміздегі өзінің дипломатиялық миссиясын аяқтаған Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы елшісі Жұмағұл Сааданбековпен болған кездесу барысында мемлекеттік хатшы оған ел президентінің атынан Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыс етті және қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлкен үлесі үшін алғыс білдірді.

"Мен өз жұмысымның жоғары бағаланғанына ризамын. Мен әрқашан екі халықтың терең ықпалдасуының және біздің өңірдің елдері арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту бойынша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған барлық бастамалардың қолдаушысы болдым, әлі де қолдай беремін", - деді Ж.Сааданбеков журналистерге арналған брифингте.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны