13.04.2007, 12:09 5008

Мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жер телімдерін тәркілеп алу Конституцияға қайшы - "Нұр Отан" Халықтық Демократиялық партиясы

Мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жер телімдерін тәркілеп алу Конституцияға қайшы - "Нұр Отан" Халықтық Демократиялық партиясы

АСТАНА. 13-сәуір. Kazakhstan Today. Мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жер телімдерін тәркілеп алу Конституцияға қайшы. Бұл туралы "Нұр Отан" Халықтық Демократиялық партиясының саяси кеңесі бюросы бүгін таратқан мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жер телімдерін тартып алу төңірегінде қалыптасқан жағдайға байланысты "Нұр Отан" ХДП Саяси кеңесінің бюросы мынадай мәлімдеме жасауды жөн көріп отыр.

Соңғы уақытта "мемлекеттік мұқтаждық" дегенді желеу етіп азаматтардан жер телімдерін тартып алу мәселесі қоғамда үлкен елеңдетушілік тудырып отыр.

Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 26 бабында былай деп жазылған: "Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құқы тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін".

"Алайда,- делінген партияның мәлімдемесінде. - Ата заңымыздағы осы ереже іске қосылмай отыр: жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік мұқтаждықты желеуретіп жер телімдерін тартып алып, коммерциялық жобалар үшін инвесторларға беру аз кездесіп жүрген жоқ". "Осындай әрекеттер кеңінен етек жайып, орны құнына сай өтелмей отырғандығы туралы мәселе көтеруге кедергі жасап келеді",- делінген құжатта.

"Конституциялық кеңес 2005 жылдың өзінде-ақ қаулы қабылдап, онда осындай сәйкессіздіктер орын алғандығы көрсетіліп, Үкіметке осы мәселені дереу шешуді тапсырған болатын. Үкімет Конституциялық кеңестің шешімін орындаған жоқ.

Бұған қоса, ҚР Конституциясының 66 бабына сәйкес үкіметке әкімдердің шешімін өз бетінше бұзуға құқық берілген. Бірақ іс жүзінде үкімет осы құқығын пайдаланбай келеді",- делінген мәлімдемеде.

"Нұр Отан" партиясы "Алматыжер" тектес шаруашылық құрылымдарының жұмысын тоқтатып, оларды тарату мәселені шешпейді деп ойлайды. Осы мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, "Нұр Отан" партиясы парламенттік фракциясындағы депутаттары арқылы "ҚР Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде бастама жасады. Осы құжатта жер телімдерін алудың негіздемесі және меншік иесіне мүліктің орнын толтыру шарттары нақты белгіленуі тиіс.

Осы мәселе әділ де жауапты шешімін табу үшін "Нұр Отан" партиясы өзінің қолындағы қоғамдық ықпал ету механизмдері мен парламенттік басымдық әлеуеттерін барынша пайдаланатын болады",- делінген мәлімдемеде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны