23.06.2006, 15:56 3142

Минск қаласында ЕурАзЭҚ жетекшілерінің саммиті басталды

АЛМАТЫ. 23-маусым. Kazakhstan Today. Минск қаласында Беларусь президенті Александр Лукашенконың төрағалық етуімен ЕурАзЭҚ-қа мүше-елдер президенттерінің Мемлекетаралық кеңесінің отырысы басталды,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Беларусь БАҚ-тарының хабарламасына сілтеме жасап.

Саммитке Қазқхстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов, Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, Ресей президенті Владимир Путин, Арменияпрезиденті Роберт Кочарян қатысуда.

Отырыстың күн тәртібіне 20-дей мәселе енгізілген. Атап айтсақ, отырыс барысында ЕурАзЭҚ-ты дамыту стратегиясы мен тактикасын жетілдіруге қатысты ұсыныстарды, ЕурАзЭҚ-ты дамыту жөніндегі 2003-2006 және одан кейінгі жылдарға арналған басым бағыттарды жүзеге асыру шараларының атқарылу барысы туралы талқылау межеленген.

Сонымен бірге Беларусь президенті 2006-жылдың 25-қаңтарында өткен Мемлекетаралық кеңестің отырысында жария еткен ұсыныстарға сәйкес Беларусь жағы әзірлеген ЕурАзЭҚ-тың халықаралық іс-қызметінің тұжырымдамасының жобасы қаралады.

Қаңтар саммитінде А.Лукашенко ЕурАзЭҚ-қа мүше-елдер президенттерінің Мемлекетаралық кеңесінің төрағасы ретінде ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға қатысты бастамалар көтерген. Беларусь жағының ұсынысына жоғары деңгейдегі кездесуге қатысушылар қолдау білдірді. Беларусь сондай-ақ микроэлектроника, биотехнологиялар, өндіріс пен денсаулық сақтау салалары бойынша мемлекетаралық нысаналы бағдарламалардың жобасын жасау жөнінде бастама көтеріп, тиісті ұсыынстарды әзірледі.

Атап айтсақ, 2006-2007-жылдарда “Транзит”, “ХХІ ғасырдағы ЕурАзЭҚ микроэлектроникасы” , “Биотехнология халық шаруашылығына”, “ЕурАзЭҚ халықтарының денсаулығы” атты мемлекетаралық бағдарламалардың жобасын жасап, содан кейінгі 3-4 жылда жүзеге асыру ұсынылды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтеді.

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында президенттер ұйым іс-қызметінің алдағы жылға арналған басым бағыттары, халықаралық қауіпсіздік құрылымындағы Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының орны мен ролі, халықаралық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін басқа ұйымдармен ынтымақтастықтың келешегі туралы талқылап, ұйым шеңберінде бұған дейін қабылданған шешімдерді жүзеге асырылуына және Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге шұғыл әрі лайықты жауап беру қабілетіне баға береді.





МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны