30.11.2009, 10:25 16327

Минскіде Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Кедендік Одақ құру туралы келісім қабылданды

Кедендік альянсқа үш елдің басшылығы тарихи қабылданған шешім деген бағасын беріп үлгерді. 170 миллионнан астам халқы, 2 триллион долларлық ішкі нарығы бар Қазақстан, Ресей мен Беларусь Кедендік Одаққа бірікті. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы 5 жылда, одаққа мүше үш мемлекеттің ішкі жалпы өнімі 15 пайызға өспек.

Алматы. 30 қараша. Kazakhstan Today - Минскіде 27 қарашада Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Кедендік Одақ құру туралы келісім қабылданып, үш елдің басшылары тиісті құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today "Хабар" агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің хабарлағанындай, екі жылдан астам уақыт бұрын, аталған ұйымға қатысты құжаттардың біраз бөлігі мақұлданған болатын. Алайда кедендік тарифтер мен кедендік кодекске байланысты біраз сұрақтардың туындауына байланысты, сарапшылар мен үкімет мүшелерінің келіссөздері жүргізіліп, нәтижесінде ортақ шешім қабылданды. Қол қойылған құжатқа сәйкес, 2010-жылдың 1-қаңтарынан Кедендік Одақ қалыптасып, 2011-жылдың 1-шілдесінен, толыққанды жұмыс істей бастамақ.

"Кедендік альянсқа үш елдің басшылығы тарихи қабылданған шешім деген бағасын беріп үлгерді. 170 миллионнан астам халқы, 2 триллион долларлық ішкі нарығы бар Қазақстан, Ресей мен Беларусь Кедендік Одаққа бірікті. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы 5 жылда, одаққа мүше үш мемлекеттің ішкі жалпы өнімі 15 пайызға өспек. Және бұл, Кедендік Одақ әкелетін пайданың басы ғана",- дейді тілші Арман Балтабайұлы.

ТМД аумағындағы интеграциялық үрдіс өзінің заңды жалғасын тапты. Жалпы қазіргі уақытта, ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарымен күресіп, ілгері жылжу мақсатымен, бүкіл әлем экономикалық одақтарға бірігіп жатқан шақта, шет қалып, жалғыз ғана даму аса қиынға соғары анық. Қазақстан басшысы қашан да бірігудің аса маңызды екендігін алға тартып келеді.

"Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастығының мемлекетаралық кеңесінің тарихи жетістігі, үш елдің арасындағы Кедендік Одақтың құрылуы болды. Белоруссия, Қазақстан мен Ресей, бірыңғай кедендік тарифті бекітіп, келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енетін келісімді қабылдады. Естеріңізге сала кетсем, 1994-жылы, Мәскеу мемлекеттік университетінде, мен Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастама көтерген болатынмын. Енді міне, араға 15 жыл салып, бұл идеяны іске асыруға бағытталған алғашқы нақты да батыл қадам жасалды",- деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

ЕурАзЭҚ-ты құруға бағытталған шара, 2000-жылы қолға алынып, ұйымға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан кірген болатын. Негізгі мақсаттардың қатарына, біртұтас кедендік аумақ құру кірді. Екі жыл бұрын идеяны жүзеге асыруға Астана, Мәскеу мен Минск кірісті. Бүгінге дейін көптеген ұстанымдар бойынша келіссөздер жүріп, құқықтық негіздегі 51 құжат қабылданды.

"170 миллион халқы бар орасан зор нарық қалыптасты. Елдеріміздің жалпы өндірістік көлемі 600 миллиард долларды құрап отыр. Тек қана мұнайларымыздың қоры 90 миллиард баррель. Бұл бізді әлемдік энергия көздері нарығындағы аса маңызды ойыншыға айналдырды. Ауыл шаруашылығымыздың ортақ әлеуеті 112 миллиард доллар. Илемде өндірілетін бидайдың 12 пайызы, оның экспортының 17 пайызы біздің елдерге тиесілі. Ішкі жалпы өнімдеріміз екі триллион, ал ортақ тауар айналымымыз 900 миллиард доллардан асып жығылады",- деді Қазақстан президенті.

Ирине, Кедендік Одақтың тиімді тұстары жетерлік. Тауарлардың емін еркін жылжуы, бизнес үшін аса пайдалы. Десек те, үш елдің кәсіпкерлері, ендігі уақытта өз өнімінің сапасына да баса назар аударуы тиіс. Себебі, Еуропа мен Қытайға дейінгі аумақты алып жатқан біртұтас кедендік аумақтың халқы, сапалы да арзан тауарды алуға ынталы болады. Бұл нарық талабы. Бәсекелестіктің нәтижесінде, ең мықтылар ғана ілгері жылжиды.

Кедендік шекараны болдырмау, еуразиялық интеграция үрдісінің алғашқы қадамы ғана. Ендігі кезек, адамдар мен қаржының емін-еркін қозғалысын қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде, біртұтас Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастығына алып келетін шара болмақ. Бұл жақын болашақтың еншісінде. Елбасылары осыған арналған отырысты алдағы желтоқсан айында Алматыда өткізу жөнінде келісті.

"Кедендік одақ, болашақта еуразиялық интеграцияның негізі болатындығына сенімдімін. Біз о бастан осыған келе жатырмыз. Жалпы алғанда, біз ортақ ережелері мен ұстанымдары бар біртұтас кешен қалыптастырамыз. Бұл өз кезегінде, біріккен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, адамдар мен тауарлардың емін-еркін қозғалуына ешқандай кедергі келтірмейтін одаққа айналуға сеп болады",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сарапшылардың пайымдауынша, болашақта Кедендік Одаққа кірем деушілердің саны арта түспек. Қазірдің өзінде, Қырғызстан мен Тәжікстан өз ұсыныстарын білдірді. Айта кетерлігі, Қырғыз елі үшін, дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелігі, одаққа қосылуға кедергі болмайды. Сондықтан да, жаңа құрылған экономикалық одақтың есігі қашан да ашық.

Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың төрағасы міндетін биыл Беларусь мемлекеті атқарып келе жатыр. Ал келесі жылдан бастап төрағалық Қазақстанға көшеді. Осындай ұсынысты жиынға қатысқан барлық мемлекет басшылары бір ауыздан қолдады, делінген телесюжетте.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны