12.09.2007, 11:22 1711

Назарбаев пен Бердымухаммедов түрікмен газын Қазақстан арқылы сыртқы нарыққа шығару жайын талқылады

Назарбаев пен Бердымухаммедов түрікмен газын Қазақстан арқылы сыртқы нарыққа шығару жайын талқылады.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 12 қыркүйек. АСТАНА. Кеше басталған Ашхабадқа екі күндік ресми сапары аясында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Турікменстан президенті Гурбангулы Бердымухаммедов түрікмен газын Қазақстан арқылы сыртқы нарыққа шығару жайын талқылады, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

"Энергетика саласындағы ынтымақтастық өзара пайдалы және екі мемлекет халқының мүддесіне сай келеді. Осыған байланысты түрікмен газын Қазақстан аумағы арқылы сыртқы нарыққа транзитті шығару, қазақстандық компаниялардың Түрікменстандағы көмірсутегі шикізатының кеніштерін барлау мен игеруге атсалысуы мен екі жақты ынтымақтастыққа қатысты өзге де мәселелер талқыланды", - делінген хабарламада.

"Ықпалдастықтың келешегі бар бағыттарын айқындау, нақты бірлескен жобаларды жасау үшін мемлекет басшылары екі елдің үкіметтеріне экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының екінші отырысын таяу уақыттарда өткізуге тапсырма берді", - деп хабарлайды баспасөз қызметі .

Сонымен бірге, келіссөздер барысында Қазақстанда Түрікменстанның мәдениет күндерін және 2008-жылы екі елдің мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауымы өкілдерінің форумын, сондай-ақ, 2009-жылы Түрікменстандағы Қазақстан жылын өткізу жөнінде уағдаластық жасалды.

Президенттер сонымен бірге Түрікменстанда қазақ-түрікмен достық қоғамын және Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқан түрікмен диаспорасының мәдени орталықтары секілді Ашхабадта қазақ мәдениеті орталығын ашуға келісті.

Сапар аясында Н. Назарбаев пен Г. Бердымухаммедов біріккен коммюникеге қол қойды.

Бұған қоса Қазақстаннның денсаулық сақтау министрлігі мен Түрікменстанның денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрлігі арасында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық аманшылығын қамтамасыз ету жөніндегі келісім мен Астана және Ахшабад қалалары арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Қазақстан президенті жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бүгінгі таңда Қазақстан мен Түрікменстанның көптеген мәселелер топтамасы бойынша тиімді ықпалдастық орнатқанын дәлелдей түседі деп атап өтті. "Қол жеткізілген уағдаластықтар өзара әріптестігіміздің жаңа кезеңі басталғанын сөзсіз паш ете отырып, Қазақстан мен Түрікменстан халқының игілігі үшін ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қажетті тың мүмкіндіктерге жол ашады", - деді президент. "Мен Қазақстанның Түрікменстанмен арада стратегиялық әріптестікті дамытуға бекем ниетте екенін мәлімдеймін", - деді Н. Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны