12.04.2010, 14:12 3091

Назарбаев пен Обама Қырғызстанның аралық үкіметімен ықпалдасу жолдарын талқылады - Макфол

Назарбаев пен Обама Қырғызстанның аралық үкіметімен ықпалдасу жолдарын талқылады - Макфол

Алматы. 12 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама Қырғызстанның жаңа аралық үкіметімен ықпалдасу жолдарын зерттеп, талқылады. Бұл туралы АҚШ президентінің арнаулы көмекшісі, Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей жөніндегі аға директоры Майкл Макфол журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today NEWSru порталына сілтеме жасап.

М. Макфолдың хабарлауынша, Қырғызстан тақырыбы кеше Вашингтонда өткен АҚШ және Қазақстан президенттерінің кездесуіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Оның айтуынша, Н. Назарбаев пен Б. Обама "Қырғызстанның жаңа аралық үкіметімен ықпалдасу жолдарын зерттеді".

М. Макфолдың атап көрсетуінше, Н. Назарбаев, "өңірдегі құрметті лидерлердің бірі ретінде", Б. Обамаға "Қырғызстандағы шиеленісті ахуалды жөнге келтіруге бар күшін салуға" уәде берді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС. Ақ үйдің жоғары лауазымды қызметкерінің бұған қоса атап көрсеткеніндей, Қазақстанның лидері Қырғызстандағы ахуалды "сөзсіз жақсы біледі", "ол оппозиция тарапынан да, президент Бакиев тарапынан да оған қатысушылардан толық хабардар".

Сондай-ақ, атап көрсетілгендей, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон сенбі күні халық сенім жүктеген үкіметтің төрайымы Роза Отунбаевамен телефон арқылы сөйлесті. "Мен де Отунбаева ханыммен де, сондай-ақ, ол басқаратын үкіметтің басқа да мүшелерімен де ахуалды тұрақтандыру және онсыз да төтенше трагедиялық сипат алған қазіргі ахуалда зорлық-зомбылықтың жаңаша толқынының алдын алу мақсатында сөйлестім", - деп мәлімдеді М. Макфол.

Р. Отунбаева 10 сәуірде 6-7 сәуірде болған оқиғалардың мән-жайын тексеру жөніндегі беделді халықаралық комиссия құруды және көп бөлігі оқ жарақатынан қаза тапқан 80-нен астам адамның өліміне кінәлі тұлғаларды анықтауды ұсынды. Уақытша үкімет бұған президенттің інісі Жаныш Бакиев пен мемлекеттік күзет қызметінің басшысын айыптауда. Олардың пікірінше, дәл соның бұйрығымен оған бағынышты мергендер Бішкек көшелеріне шыққан тобырға қаратып дәлдей оқ атқан.

Құрманбек Бакиев те осындай комиссия құруды ұсынды. "Бүгін жүргізіліп жатқан біржақты тергеуге мен сенбеймін, ол сыңаржақ тергеу, ол бар кінәні маған тағады", - деп мәлімдеді ол.

Ал "Время новостей" газетінің хабарлауынша, бүгін 60 жастағы Қ. Бакиев елден шығуға тиіс. Мұндай шешім кеше Бішкекте Қырғызстанның уақытша үкіметінің басшысы Р. Отунбаева мен Астанадан келген Қазақстан делегациясы арасында талқыланды. Газеттің ақпаратына сәйкес, Қ. Бакиев Қазақстанның мемлекеттік хатшысы әрі сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев басқаратын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының делдалдығының арқасында елден шыға алады.

Кейінгі күндері республиканың оңтүстігіндегі облыс орталығы - Жалал-Абадтан бірнеше шақырым жердегі өзінің туған ауылында жатқан Қ. Бакиевтің қандай бағытта елден шығарылатындығы жайлы ақпарат жоқ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны