05.04.2011, 17:11 5342

Назарбаев сайлауда 95,55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті

Бүгін Астанада ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың нақты қорытындысын жариялады. 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 95,55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 5 - сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін Астанада ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың нақты қорытындысын жариялады. 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 95,55 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлауға қатысқан 8 миллион 279 мың 676 сайлаушының 7 млн. 850 мың 958-і дауыс берген. Ал Мемлекет басшысының лауазымына таласқан Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековке сайлаушылардың 1,36 пайызы немесе 111 мың 924 адам, "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовке 1,15 пайызы немесе 94 мың 452 адам, ал Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы, Сенат депутаты Ғани Қасымовқа 1,94 пайызы немесе 159 мың 036 адам дауыс берген. "3 сәуірде елімізде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына республикамыздағы сайлаушылардың 89, 99 пайызы қатысты", - деді ОСК төрағасы.

Елбасының сайлауда жеңіске жетуіне байланысты ҚР Орталық сайлау комиссясы бүгінгі мәжілісі барысында қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті деп тану туралы қаулы қабылдады.

Айта кетейік, 3 сәуір күні Қазақстанда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Республика бойынша таңғы сағат 7.00-де барлық сайлау учаскелері ашылды, олар кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істеді.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде сайлаушылардың тізіміне 9 миллион 200 мың 299 сайлаушы енгізілген. Сайлаушылар республикадағы 9 мың 725 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Сонымен қатар тысқары жерлердегі еліміздің азаматтары Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан құрылған сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 1059 шетелдік және халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен Сыртқы істер министрлігінде тіркелген 200-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны