14.12.2007, 18:22 3037

"Нұр Отан" партиясы "Қазақстан 2030" стратегиясының басты бағдарларын жүзеге асыруға тиіс - президент

"Нұр Отан" партиясы "Қазақстан 2030" стратегиясының басты бағдарларын жүзеге асыруға тиіс - президент

Астана. 14 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - ""Нұр Отан" партиясы еліміз азаматтарының әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бағдарламаларды ғана жүзеге асырумен шектелмей, бәсекеге қабілетті, табысты және гүлденген ел құруды мұрат тұтатын "Қазақстан 2030" стратегиясының басты бағдарларын да одан әрі жүзеге асыруға тиіс деген сенімдемін",- деп Қазақстан Тәуелсіздігінің 16 жылдығына арналған салтанатты жиында бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" тілшісі.

Осыған байланысты мемлекет басшысы биыл еліміз тәуелсіздігінің тарихында алғаш рет парламент сайлауы пропорционал партиялық жүйемен өткізілгенін, онда "шынайы халықтық партия болып табылатын "Нұр Отан" партиясы жеңіске жеткенін" еске салды. "Ол үкіметті құрды, қазір біздің партияның жүзедеген мың мүшесі өздерінің сайлау алдындағы уәделерін жүзеге асыруға белсене атсалысуда", - деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, президенттің пікірінше, "жаңартылған Конституция еліміздің болашағына жұмыс істеп, нағыз көппартиялылыққа, идеялар мен бағдарламалардың бәсекелестігіне жол ашуда". "Болашақта бұның бәрі болады. Бүгінде Қазақстанның саяси ландшафтының кескін-келбеті осындай, біздің халқымыз осындай күйге жетті және бұл жолда асығып-аптығудың қажеті жоқ. Бәрі де дұрыс бағытта ілгерілей түсуде", - деді президент.

Мемлекет басшысы "еліміз тәуелсіздігінің биылғы 16 жылдық мерейтойы түбегейлі саяси өзгертулер мен ауқымды конституциялық реформалар кезеңі ретінде ел тарихына енеді" деген пікірде.

"Тәуелсіздігіміздің тағы бір мерейтойын біз сапалық жаңаша деңгейдегі демократиялық стандарттары бар ел ретінде қарсы алдық. Парламенттің, саяси партиялардың ролінің күшейе түсуі, тәуелсіз сот жүйесінің нығаюы, мәслихаттарды күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, Қазақстан халқы ассамблеясының жаңаша ролі, әділеттілік жүйесінде азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдерін нығайту - осы және басқа да шаралар еліміздің демократиялық жолмен біршама ілгерілете түсті", - деді Н. Назарбаев.

"Бүгінде біздің саяси жүйеміз базалық параметрлері бойынша дүниежүзінде жаппай қабылданған демократиялық нормалар мен критерийлерге сай келеді. Бұл да біздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміздің бірі. Қазақстанда ешқашан либералдық дәстүрлердің болмағанын ұмытпайық және осы қысқа мерзім ішінде біз өркениетті әлемге қарай бетбұрыс жасаған жаңа елді құрдық", -деді президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны