18.05.2007, 18:14 2660

Орталық Азия аймағындағы кәсіпорындардың әлімдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі үшін сауда мен тасымалдаудың тиімді процедураларының болуы маңызды

АЛМАТЫ. 18 - мамыр. Kazakhstan Today. Орталық Азия аймағындағы кәсіпорындардың әлімдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі үшін сауда мен тасымалдаудың тиімді процедураларының болуы маңызды. Бұл туралы бүгін Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 63-сессиясы аясында өткен БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнаулы бағдарламасы - СПЕКА-ның жалпы отырысында сөз сөйлеген Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысының орынбасары - ЭСКАТО атқарушы хатшысы Ким Хак Су мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Ким Хак Су Орталық Азияның Еуропа мен Азия түйіскен тұста стратегиялық маңызды жерде орналасқандығын атап өтті. "Ийткенмен, мұндай стратегиялық орынға ие болу сауда-саттық үшін болашақ артықшылық болса да, теңізге шығатын мүмкіндігінің болмауы теңіз көлігінің экономикалық тиімділігі артқан қазіргі сәтте елеулі проблема болып табылады. Аймақтағы кәсіпорындардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін сауда мен тасымалдаудың тиімді процедурасының болуы өте маңызды",- деп атап көрсетті ол.

Сонымен қатар, Ким Хак Судың айтуынша, "аймақтағы көптеген елдер нарық ауқымының салыстырмалы түрде шектеулілігі мен экспорттың сан жағынан шектеулі шикізаттық тауарларға айтарлықтай тәуелді болу проблемасына тап болуда". "Жаһандану мен аймақтық ынтымақтастық бұл проблемамен күресуге мүмкіндік береді", деп санайды ол. "Аймақтың міндеті - жаһанданудың ұсынып отырған мүмкіндіктерін барынша пайдалану, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақты дамуды қамтамасыз ету",- деді Ким Хак Су.

Оның пауымдауынша, "трансшекаралық экономикалық байланыстар, сауда, инвестиция мен инфрақұрылымның жан-жақты қырлары бәсекеге қабілетті аймақтық нарық құрудың өзекті арқаулары болып табылады". "Айқындылық пен ырықтандыру әртараптандыруға бастайтын жалғыз жол, себебі олар шикізаттық тауарлардың шектеулі көлеміне тәуелділік тәуекелін төмендетеді... Кезінде бұл өңір дүниежүзілік сауданың тоғысқан тұсы болған. Дұрыс жүргізілген саясат оны осы сауда-саттықтың маңызды құрамдас бөлігіне қайта айналдыра алады",- деп атап өтті Ким Хак Су.

Ол Орталық Азияның әлемдегі ең серпінді дамып келе жатқан аймақтардың бірі екендігін атап көрсетті. "2006 жылы экономикалық өсім 12,4 пайызды құраған, ал 2007 жылы 10,3 пайызды құрайды деген болжам жасалып отыр",- деді Ким Хак Су. Ол СПЕКА-ның отырысының екі күндік жұмысының нәтижесі мен қатысушылардың әзірлеген ұсыныстары Біріккен ұлттар ұйымының Еуропа елдеріне арналған экономикалық комиссиясы мен Германия үкіметінің үстіміздегі жылдың 13-қарашасында Берлинде ұйымдастыратын СПЕКА-ның экономикалық форумында ұсынылатындығын хабарлады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны