АЛМАТЫ. 18-мамыр. Kazakhstan Today. Орталық Азия елдері экономикалық реформаларды жалғастыруы қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 63-сессиясы аясында өткен БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнаулы бағдарламасы - СПЕКА-ның жалпы отырысында сөз сөйлеген еліміздің индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.
Ғ.Оразбақовтың айтуынша, "Орталық Азия елдерінде өзара интеграциялану тұрғысынан кейбір тауқыметтер бар". "Өңірдегі кейбір елдер, кейінгі жылдары қарқынды экономикалық өсімге қол жеткізгенімен, өз дамуында кейбір біршама қиындықтарға тап болуда",- деді ол. "Дамыған нарықтық экономика құру үшін Орталық Азия елдерінің басым бөлігіне экономикалық реформаларды одан әрі жалғастыру, табиғи ресурстарды пайдалануға арқа сүйеп келген экономиканы әртараптандыру қажет",- деп санайды министр.
"Өңір елдерінде қазір қалыптасқан бизнестік ахуал өзара инвестициялар ағынына және Орталық Азия республикаларының интерациялануын дамытуға септігін тигізе алмайды",- деп атап өткен Ғ.Оразбақов сөзін одан әрі былай деп сабақтады: "бұл елдердің экономикасын нарыққа бейімдей қайта құруды жүзеге асыру қарқынындағы, өндірістік-шаруашылық және қаржылық салаларды мемлекеттік реттеу деңгейіндегі айырмашылықтар Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің сауда-экономикалық байланыстарыынң дамуын тежеп отырған басты факторлардың бірі".
"Соның салдарынан әріптес-елдердің нарығына өнеркәсіптік, сауда, қаржылық және сақтандыру капиталының шығу мүмкіндіктері шектеліп, экономикалық байланыстардың тиімділігі мен интеграцияланудың мейлінше терең формалары мен тетіктерін енгізу тиімділігі төмендеп отыр",- деді ол. Министрдің пікірінше, бұл елдердің әлемдік экономикаға кірігуі, олардың көп жақты сауда-саттық жүйелеріне қатысуы, соның ішінде ДСҰ-ына бірігуі "тездетіле түсуге тиіс".
Ғ.Оразбақов сонымен бірге, "Орталық Азия елдерінің теңізге шығар жолы жоқ деген мәртебесі мен күрделі экологиялық проблемалар бұл елдердің тұрақты әрі қарқынды экономикалық және әлеуметтік дамуға қол жеткізуге бағытталған талпыныстарын тежеуде", деп атап өтті. "Біздің Қазақстанды экономикалық дамудың "аймақтық локомотивіне" айналдыруға қуатымыз жетеді... Сол себепті Қазақстан өңір елдерінің интеграциялық полюсі ролін атқаруға және Каспий және Қара теңізі аймағында қарқынды рынок қалыптастыруға белсене атсалысуға ниетті",- деді ол.
Ғ.Оразбақов "бұл бастамалар халықаралық қоғамдастық тарапынан, соның ішінде ЭСКАТО-ға мүше елдер тарапынан қолдау мен түсіністікке ие болады" дегенге сенім білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті