20.12.2006, 18:19 3020

Пекинде Қазақстан-Қытайаралық он құжатқа қол қойылды (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 20-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның Пекинде бүгін өткен келіссөздерінің қорытындысы бойынша екі жақты он құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Атап айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтао Қазақстан мен Қытай арасындағы ХХІ ғасырдағы ынтымақтастық стратегиясы мен екі жақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасына қол қойды.


Екі мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасындағы режим туралы келісімге, білім игергендігі туралы құжаттар мен ғылыми атақ-дәрежелер жөніндегі құжаттарды мойындау және олардың эквиваленттігі туралы үкіметаралық келісімдерге, сондай-ақ, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы құбырмен жіберілетін энергиялық ресурстарды кедендік қадағалау жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Сонымен бірге мұрағат ісі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге, негізгі трансшекаралық өзендердегі шекаралық гидробекеттер арасында өзара гидрологиялық ақпараттармен алмасу жөніндегі, трансшекаралық өзендерде ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімдерге қол қойылды.

Бұған қоса тараптар "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының іс-қызметін реттеу туралы 2005-жылғы 4-шілдедегі үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойып, Қазақстан мен Қытайдың темір жолын Қазақстанға қарасты Қорғас және Қытайға қарасты Хоргос арқылы қосу жөніндегі ниет меморандумын қабылдады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан президентінің Қытайға мемлекеттік сапары кеше басталды. Бүгін таңертең Н.Назарбаев Қытай астанасының мұражайында болып, онда "Көне Пекин"атты экспозициямен танысса, көрме орталығында қазіргі заманғы Пекиннің даму жоспары Қазақстан президентінің назарына ұсынылды.

Н.Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның кездесуі түстен кейін Халық жиналыстары үйінде өтті. Екі елдің мемлекет басшысы сауда-экономикалық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-зерттеу салаларындағы екі жақты ынтымақтастыққа қатысты кең көлемді мәселелер топтамасын талқылады. Шекаралық ынтымақтастық тақырыбы да сараланды. Тараптар екі жақты байланыстардың аясын кеңейтуге және стратегиялық әріптестікті нығайтуға ниет білдірді.

Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін ҚХР басшысы Қазақстан президентінің құрметіне қонақасы берді.

Н.Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары одан әрі жалғасуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны