23.06.2006, 10:47 2971

Президент Назарбаев ЕурАзЭҚ пен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының саммитіне қатысу үшін Минскіге барды

МИНСК. 23-маусым. Kazakhstan Today. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ пен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының саммитіне қатысу үшін Минскіге барды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Беларусь СІМ-нің хабарламасына сілтеме жасап.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін Минск қаласында ЕурАзЭҚ-қа мүше-елдер президенттерінің Мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтеді. СІМ ақпаратына сәйкес, отырыстың күн тәртібіне 18 мәселе енгізілген. Атап айтсақ, отырыс барысында ЕурАзЭҚ-ты дамыту стратегиясы мен тактикасын жетілдіруге қатысты ұсыныстарды, ЕурАзЭҚ-ты дамыту жөніндегі 2003-2006 және одан кейінгі жылдарға арналған басым бағыттарды жүзеге асыру шараларының атқарылу барысы туралы талқылау межеленген.

Сонымен бірге Беларусь президенті 2006-жылдың 25-қаңтарында өткен Мемлекетаралық кеңестің отырысында жария еткен ұсыныстарға сәйкес Беларусь жағы әзірлеген ЕурАзЭҚ-тың халықаралық іс-қызметінің тұжырымдамасының жобасы қаралады.

ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырысы Беларусь Республикасының төрағалық етуімен өтеді.

Бүгін сондай-ақ, президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады.
Сессияға Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше барлық елдердің президенттері қатысады деп күтілуде. Қазіргі жағдаймен ұйымға Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан мүше.

Беларусь СІМ-нің ақпаратына сәйкес, сессия Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының тар ауқымдағы кездесуінен басталады. Бұдан кейін президенттер сыртқы істер министрлері, қорғаныс министрлері мен қауіпсіздік кеңесі хатшыларының қатысуымен бірлескен жалпы отырыс өткізеді.

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында президенттер ұйым іс-қызметінің алдағы жылға арналған басым бағыттары, халықаралық қауіпсіздік құрылымындағы Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының орны мен ролі, халықаралық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін басқа ұйымдармен ынтымақтастықтың келешегі туралы талқылап, ұйым шеңберінде бұған дейін қабылданған шешімдерді жүзеге асырылуына және Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге шұғыл әрі лайықты жауап беру қабілетіне баға береді.

Сессияның алдында Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының
сыртқы істер министрлерінің кеңесі, қорғаныс министрлерінің кеңесі мен қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы өтіп, олардың барысында Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының мемлекет басшыларының қарауына ұсынылатын шешімдердің жобасы мақұлданып, аталған жарғылық органдардың құзыреті аясындағы басқа да шешімдер бекітілді.

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының процедуралары тәртіптеріне сәйкес, Минск сессиясы барысында ұйымға төрағалық жасау құқығы бір жылға Беларусь елінің иелігіне өтті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны