20.06.2007, 17:49 4826

Президент парламент мәжілісі таратылатындығын жария етті; мәжілістің кезектен тыс сайлауы 18-тамызға белгіленді (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 20-маусым. Kazakhstan Today. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшінші шақырылған парламент мәжілісі таратылатындығын жария етті; мәжілістің партиялық тізім бойынша өткізілетін кезектен тыс сайлауы 18-тамызға, ал Қазақстан халқы ассамблеясынан сайлау - 20-тамызға белгіленді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі. "Егер сіздер ақырғы шешім қабылдасаңыздар және өз пікірлеріңізді өзгертпеген болсаңыздар, онда мен парламент мәжілісін тарату және жаңа сайлау белгілеуге шешім қабылдаймын",- деп мәлімдеді бүгін "Нұр Отан" партиясының парламенттік фракциясының отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті.

АСТАНА. 20-маусым. Kazakhstan Today. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшінші шақырылған парламент мәжілісі таратылатындығын жария етті; мәжілістің партиялық тізім бойынша өткізілетін кезектен тыс сайлауы 18-тамызға, ал Қазақстан халқы ассамблеясынан сайлау - 20-тамызға белгіленді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Егер сіздер ақырғы шешім қабылдасаңыздар және өз пікірлеріңізді өзгертпеген болсаңыздар, онда мен парламент мәжілісін тарату және жаңа сайлау белгілеуге шешім қабылдаймын",- деп мәлімдеді бүгін "Нұр Отан" партиясының парламенттік фракциясының отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті.

"Бүгін таңертең мен жаңартылған Конституцияға сәйкес парламент палаталарының төрағаларымен және үкімет басшысымен ақылдастым. Тұтастай алғанда , олар да сіздердің өз мәлімдемелеріңізде айтқан пікірге қосылды және олар депутаттық корпустың ұстанымымен келісіп отыр",- деді Н.Назарбаев.

"Сіздердің мәлімдемелеріңізде халықтық сайлаушылардың ұжымдық ерік-жігері көрініс тапқанын және оны жалпыұлттық "Нұр Отан" паартиясы қолдағанын ескере отырып өз басым бұл қадамға үлкен жауаптылықпен қарайтыныма және мәселенің барлық жақтарын салмақтайтыныма сендіремін. Және мен еліміздің алға қарай даму мүддесіне сай келетін шешім қабылдауға тиіспін",- деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге президент парламент мәжілісін тарату және кезектен тыс сайлау белгілеу жөніндегі өз жарлығының жобасын оқып берді. "ҚР Конституциясының 44-бабының 2-тармақшасы, 63-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңның 85 және 87-ші баптарына сәйкес үшінші шақырылған ҚР парламентінің мәжілісін таратуды; парламент мәжілісі депутаттарының партиялық тізім бойынша сайланатын кезектен тыс сайлауын 2007 жылғы 18-тамызға белгілеуді; парламент мәжілісінің Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланатын депутаттарының сайлауын 2007 жылғы 20-тамызға белгілеуді; партиялық тізім бойынша сайланатын мәжілісі депутаттығынан үміткерлердің атын ұсыну 22-маусымда басталып, 11-шілдеде аяқталатындығын белгілеуді қаулы етемін",- делінген құжатта.

Президент Орталық сайлау комиссиясына сайлауға дайындық пен оны өткізуді қамтамасыз етуді, ал үкімет пен әкімдерге сайлауды материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге "уақыт ұттырмай шара қолдануға" тапсырма берді. "Жарлық жарияланған сәттен бастап күшіне енеді",- деді президент.

Қазір Қазақстан парламетнінің мәжілісі 77 депутаттан тұрады, олардың 10-ы партиялық тізім бойынша сайланған. Жаңартылған Конституцияға сәйкес, ендігі жерде палата 107 депутаттан тұрады, соның ішінде 98-і біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционал сайлау жүйесінің негізінде партиялық тізім бойынша сайланса, 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны