28.02.2007, 17:27 33210

Президент "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" атты жолдауында алдағы он жылдыққа арналған Қазақстанның даму стратегиясын айқындап, алға 10 мақсат қойды

АСТАНА. 28-ақпан.Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары жөнінде "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" атты жолдауын арнады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолдауда президент алдағы он жылдыққа арналған Қазақстанның даму стратегиясын айқындап берді.

- Экономиканың тұрақты дамуы реформалардың әлеуметтік бағыттылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл біздің экономикалық саясаттың маңызды нәтижесі, - деп атап өткен Елбасы үкіметке ана мен баланы әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту, зейнетақы мөлшерін ұлғайту мен индекстеу, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда, мемлекет басшысы:

- 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 34 740 теңгеге дейін немесе 2 есе арттыруды; баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақыны көтеруді;

- жұмыс істейтін әйелдердің жүктілігін, босануы мен бала бағып отырған кезіне міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізуді және декреттік демалыста және бір жасқа толғанға дейін нәресте күтімі жөніндегі демалыста жүрген кезінде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүргізіле беруін;

- іргелік зейнетақының мөлшерін ұлғайтуды және таяудағы жылдары оның тұрмыстық ең төменгі қажеттіліктің 40 пайызы деңгейінде сақталуын қамтамасыз етуді;

- зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табысты шектеуді өзгертуді, оны 15 мәрте айлық есептік көрсеткіштен 25 мәртеге дейін арттыруды;

- зейнетақы төлемдерін индекстеуді сақтауды және оны тұтыну бағалары индексінің болжамды өсімінен екі пайыз арттыруды жүзеге асыруды;

- бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды;

- 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері үшін еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арнап, бір айлық лауазымдық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төлеуді енгізуді;

- 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зиянды және ауыр еңбек жағдайында өтілін өткерген қазақстандықтар үшін сегіз айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде арнайы жәрдемақылар енгізуді (2-тізім бойынша) тапсырды.

Осы аталған барлық төлемдерді көбейтуге жұмсалатын қаражатқа қажеттілік 2008 жылы шамамен 108 миллиард теңгені құрайды.

Президент сондай-ақ үш жылдың ішінде 100 мектеп пен 100 аурухана салуды, әрі оларды еліміздің нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған аудандарында салуды тапсырды.

- Илеуметтік инфрақұрылымды дамытуды біз стратегиялық міндет дәрежесіне көтеруіміз керек, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы "Қазақстан - 2030" Стратегиясын дәйектілікпен іске асыру еліміздің алдағы ілгерілеуі және оның жедел әрі жан-жақты жаңартуының берік негіз қалағанын атап өтті.

- Жүйелілік - біздің бүгінгі дүниедегі алдағы он жылдықта жедел алға жылжуымыздың басты қағидасы, міне, осы. Қазақстанның әлемдегі тауарлар, көрсетілетін қызмет, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар мен технологиялар нарықтарының шын мәнінде ажырағысыз серпінді бөлігіне айналуы үшін біз он басты міндетті шешуіміз керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бірінші міндет - экономиканың тұрлаулы дамуын қамтамасыз етіп, ұстап тұрумен ғана шектеліп қалмай, оның өсуін басқаруға қол жеткізу. Мемлекет басшысы атап өткендей, Үкімет Қазақстанды индустриаландыруға түбегейлі жаңа тұрғыдан келуді қамтамасыз етуі, табиғи монополиялар аясын қысқартуы, қаржы жүйесін күшейтуі, тиімді жұмыс істейтін қор нарығын құруы, Қазақстанның қолайлы шарттармен ДСҰ-ға кіруін қамтамасыз етуі, халықаралық техникалық стандарттарды енгізуі тиіс.

- Менің үкіметке беретін ең басты тапсырмам осы, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

- Екінші міндет - Қазақстанды экономикалық дамудың "өңірлік локомотивіне" айналдыру және оны әлемдік экономиканың оңтайлы "ойыншысы" ету. Үшінші - өндіруші сектордың тиімділігін арттыру. Төртінші - өндірістің шикізаттық емес секторының дамуын, экономикалық әртараптандырылуын қамтамасыз ету. Бесінші - өңірлік және жаһандық экономикадағы өзіміздің жаңа рөлімізге сәйкес осы заманғы инфрақұрылымды дамыту. Алтыншы - осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, "парасатты экономиканың" негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту. Жетінші - атаулы әлеуметтік қолдау және әлеуметтік саланы нарық қағидаттары негізінде дамыту. Сегізінші - саяси жүйені жаңарту және жүйелі демократиялық реформаларды одан әрі жүзеге асыру. Тоғызыншы - халықаралық іс-тәжірибені ескеріп, әкімшілік реформаны жеделдете жүргізу. Оныншы міндет - жаңа Қазақстанның Орталық Азия өңірі мен әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін алға жылжыту.

- Енді бір 10 жылдан кейін жаңа Қазақстанды жаңа әлемде орнықтыру үшін біз жаңа уақыттың өктем талабына уақтылы әрі лайықты үн қатуымыз керек. Сондықтанда Үкіметке 2030 - Стратегиясының негізгі қағидаларын Жаңа Кезеңге сай дамытып отырған жоғарыда мен атап көрсеткен барлық міндеттерді дәйекті шешуді тапсырамын.

Көне тарих халық өзінің ерік-жігерін, ақыл-парасатын, қажыры мен қайратын биік мұрат жолындағы жасампаздық істерге жұмылдырған кезеңдерде дамудың ғажайып асқар биігіне көтерілгенін көрсететін жарқын мысалдарды біледі, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны