21.02.2011, 12:45 10926

Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну науқаны аяқталды

Кеше кешке 3 сәуірде кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну науқаны аяқталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 21 - ақпан. Kazakhstan Today - Кеше кешке 3 сәуірде кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну науқаны аяқталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сүйенсек, 20 ақпан аяқталған күнгі жағдай бойынша Мемлекет басшысының лауазымынан үміттенген барлығы 22 адам өтініш берді. Олардың ішінде төрт кандидатты қоғамдық бірлестіктер ұсынған. Тағы 18 адам өздерін өзі ұсынғандар.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, үміткерлер қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты "Нұр Отан" Халықтық-Демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігі, Жамбыл Ахметбековты "Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы" қоғамдық бірлестігі, Құрманғазы Рахметовты "Желтоқсан" Республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы" Республикалық қоғамдық бірлестігі, Ғани Қасымовты "Қазақстан Патриоттар партиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынды. Қалған 18 кандидат, айтқанда Сәлім Өтен, Уәлихан Қайсаров, Мұсағали Дуамбеков, Амантай қажы Асылбек, Қанат Есжанов, Қанат Турагелдиев, Зәуре Масина, Советқазы Нұрсила, Толыбай Баймурзин, Гүлдана Тоқбаева, Майя Қарамаева, Адалбек Құнанбаев, Мэлс Елеусізов, Мейрамкүл Қожағұлова, Жақсыбай Базылбаев, Мұрат Телібеков, Біржан Ділмағамбет және Серік Сапарғали өзін-өзі ұсынғандар.

Орталық сайлау комиссиясы өтініш бергендердің ішінен әзірге жалғыз үміткерді - Нұрсұлтан Назарбаевты ғана ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап республиканың 16 өңірінен 717 мың 340 сайлаушының қолы жиналған. Бұл белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың 8 пайызға жуығын құрайды.

Қазіргі сәттегі жағдай бойынша бес үміткер, атап айтқанда Уәлихан Қайсаров, Қанат Есжанов, Майя Қарамаева, Толыбай Баймурзин және Адалбек Құнанбаев Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмады. ОСК бұл азаматтарды Президентттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарты. Екі кандидат, атап айтқанда зейнеткер Сәуле Масина 15 ақпанда және жұмыссыз Советқазы Нұрсила 17 ақпанда өз кандидатураларын алып тастады. Бір кандидат - Амантай қажы Асылбек қатарынан екі рет лингвистикалық комиссияның отырысына келмей қалды.

Қалған кандидаттар кеше, 20 ақпанда Лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырды. Олардың Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі туралы қаулыны ОСК бүгін-ертең қабылдайтын болады.

Сәлім Өтен, Мұсағали Дуамбеков, Мэлс Елеусізов және Гүлдана Тоқбаева лингвистикалық комиссияның сынынан өтп, бүгінде өздерін қолдаушылардың қолдарын жинауға кірісіп кетті.

Естеріңізге сала кетсек, Лингвистикалық комиссияның сынынан өткен кандидаттар 2 наурызға дейін Президенттікке үміткер ретінде тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынулары тиіс. Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдап, расталған қолдардың - 91 мың 10 қолды құрауы тиіс. Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірілген адамдары жүргізеді. Қол жинау топтарының саны мен ондағы адамдар саны шектелмейді. Қол қою парақтарының бүлінуі немесе жоғалып қалуы мүмкіндігін ескере отырып, ОСК әрбір кандидатқа 100 мың қол жинауға жететіндей етіп, 5 мың дана қол қою парақтарын береді. Қажет болған жағдайда кандидаттарға тағы қосымша қол қою парақтары беріледі.

Бұрын хабарлағанымыздай, кезектен тыс президент сайлауы 2011жылдың 3-сәуірінде өтеді.

Президенттіккке кандидаттарды тіркеу үміткерлердің жоғары мемлекеттік лауазымға барлық қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін басталады және 2 наурызда аяқталады. Сайлауалды үгіт-насихат кампаниясы 3 наурызда басталады және 1 сәуірде аяқталады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны