21.12.2007, 10:33 1810

Ресей мен Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады - В. Путин

Ресей мен Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады - В. Путин

Мәскеу. 21-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Ресей мен Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады, деп Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Ресейдің " Новости" ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.

"Өзара іс-қимылдың басымдыққа ие бағыты болып отын-энергетикалық кешен қалып отыр. Қазіргі келісімдер негізінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ынтымақтастықты тереңдету бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді Каспий газ құбырын салу туралы Ресей, Қазақстан және Түркіменстан арасындағы келісімге қол қою рәсімінен кейін Ресей президенті Владимир Путин.

Ол бұл жерде уранды байытудың халықаралық орталығын, бірқатар бірлескен кәсіпорындарды құру, атом энергетикасы саласында ірі инновациялық жобаларды алға жылжыту сияқты бастамаларды айтып тұрғанын жеткізді.

Путиннің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында дүниежүзі нарығында екі мемлекеттің жүргізіп жатқан жұмыстарын бірлестіру бойынша маңызды жоспарлар бар. "Біз ынтымақтастықтың осы мүмкіндігі мол бағытындағы интеграция мәселелерінде тек алға ғана жылжу ниетіндеміз", - деп атап көрсетті ол.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары екі елдің стратегиялық серіктестігі жақсы қарқынмен дамуда. "Ресей мұндай қарқынды және тұрақты дамуды қадірлейді", - деді Владимир Путин.

Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер кезінде Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының бірінші кезектегі іс-шараларының кешенін қамтитын және табысты жүзеге асып жатқан 2007 - 2008 жылдарға арналған бірлескен іс-әрекеттердің жоспары талқыланды, деді Ресей Федерациясының президенті.

Президент, сондай-ақ, металлургия саласындағы бірлескен жобаның жүзеге асуының нашар басталмағандығын атап көрсетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны