15.06.2006, 10:10 5126

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің тар ауқымдағы отырысы Шанхайда басталды

АЛМАТЫ. 15-маусым. Kazakhstan Today. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің тар ауқымдағы отырысы Шанхайда басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Ресейдің “Новости” ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Отырысқа Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекет басшылары, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының атқарушы хатшысы мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аймақтық антитеррорлық құрылымының атқару комитетінің директоры, сондай-ақ, сыртқы істер министрлері қатысуда.

Отырысты Қытай төрағасы Ху Цзиньтао ашты. Ол алдымен күн тәртібіне қатысты мәселелерді талқылауды, содан кейін қол қоюға жоспарданған құжаттардың тізімі мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органдары жетекшілерінің кандидатурасын беткітуді ұсынды.

Бір жарым сағаттан кейін алты мемлекет басшысына Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жанындағы бақылаушы елдер – Үндістан, Иран, Монғолия, Пәкістан және Ауғанстан басшылары қосылады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті 15-маусымда Шанхайда өтеді. Саммит барысында өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасылып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бес жылдық даму нәтижесі талқыланып, аймақ пен дүниежүзіндегі ахуалға талдау жасалып, ұйымды дамыту келешегі қаралып, нақты ынтымақтастық жоспарлары белгіленеді. Құжаттар топтамасына қол қойылады деп күтілуде.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 жылы Шекара ауданында әскери саладағы сенімді нығайту туралы Шанхай келісіміне (1996 жыл) және Шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы Мәскеу келісіміне (1997 жыл) сәйкес “Шанхай бестігі” (Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай және Тәжікстан) негізінде құрылды.
Аталған келісімдердің алғашқысын жасасу үшін бес мемлекеттің басшылары 1996 жылғы көктемде Шанхайда кездесті, кездесу орны “Шанхай бестігі” терминінің пайда болуына негіз қалады. Шанхай және содан бір жыл кейін өткен Мәскеу саммиті қазіргі кезде көп бейінді ынтымақтастықтың толық мәнді ұйымына айналған құрылымның негізін қалады. Аталған келісімдерді іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыс өзара сенім, өзара тиімділік, теңдік, бір-бірінің мүдделері мен пікірлеріне деген құрмет, өзара консультациялар, консенсус және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындауға ерікті келісім арқылы өзара түсіністікке жету өзегі болып табылатын “Шанхай рухын” қалыптастырды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны