15.06.2006, 13:27 2681

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары лаңкестікпен күрес туралы бірқатар құжаттарға қол қойды

АЛМАТЫ. 15-маусым. Kazakhstan Today. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Ресейдің “Новости” ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары Шанхай ынтымақтастығы ұйымының 5 жылдығына арналған декларацияға қол қойып, ұйымның бас хатшысы туралы шешім қабылдап, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының хатшылығы туралы ережелерді мақұлдады.

Ресей президентінің көмекшісі Сергей Приходьконың бұған дейін журналистерге хабарлағанындай, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының хатшылығы туралы ережелердің жаңа редакциясы ұйымның 2005-жылғы саммитіндегі тапсырмаларға сәйкес ұйымның штаб-пәтерінің ролін арттыруға бағытталған. Құжатқа сәйкес, хатшылық “ұйымның іс-қызметін үйлестіру, ақпараттық-талдамалық, заңгерлік және қаржылық-ұйымдастырушылық тұрғыда қамтамасыз етумен, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы органдары шешімдерінің атқарылуын қадағалаумен шұғылданады”, деді президенттің көмекшісі.

Ұйымның жоғары лауазым иесінің атын өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұдан былай ол Шанхай ынтымақтастығы ұйымының атқарушы емес, бас хатшысы деп аталады. “Ол ұйымның жұмысына жаңаша сапалық серпін беріп, ұйым алдында тұрған артықша жауапты міндеттерге байланысты оның тұрақты жұмыс істейтін органдарының іс-қызметінің тиімділігін арттыруға тиіс”, деді С.Приходько.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары сондай-ақ халықаралық ақпараттық қауіпсіздік туралы мәлімдемені қабылдап, лаңкестік, сепаратизм және экстремизммен күрес жөніндегі 2007-2009-жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекітті.

Сонымен бірге саммит қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің аумағында бірлескен антитеррорлық шараларды өткізу мен оларды ұйымдастыру тәртіптері туралы келісімге, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің аумағына лаңкестік, экстремистік және сепаратистік іс-әрекеттерге қатысы бар адамдардың өтіп кету арналарын жабу мен оларды анықтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Бұған қоса Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Іскерлік кеңесінің құрылтайшылық сессиясының қорытындысы туралы хаттама мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының шеңберіндегі Банкаралық бірлестікке мүше банктер арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықты қолдау іс-әрекеттерінің бағдарламасына қол қойылды.

“Іс-әрекеттер бағдарламасы” бірлестіктің құрылу мерзіміндегі стратегияны нақтылай түседі. Құжатта ұйымның шеңберіндегі Банкаралық бірлестіктің жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге, оны Шанхай ынтымақтастығы ұйымының форматындағы көп жақты инвестициялық жобаларды қаржыимен қамтамасыз ететін икемді құралға айналдыруға бағытталған тәжірибелік қадамдар айқындалған.

Инвестициялық жобаларды таңдау, бағалау, келісу және жүзеге асыруға басым назар аударылмақ. Несиелік және есеп операцияларын дамыту көзделіп отыр. Құжат 2010-жылға дейін есептелген және Шанхай ынтымақтастығы ұйының іс-қызметінің экономикалық бөлігін қамтамасыз етуге бағытталған.




МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны