09.07.2007, 14:45 2999

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесі тамыз саммитінің күн тәртібін бекітті

БІШКЕК. 9-шілде. Kazakhstan Today. Қырғызстан астанасында бүгін өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесінің отырысы барысында ұйымға мүше елдердің мемлекет басшыларының тамыз саммитінің күн тәртібі бекітілді. Бұл туралы отырыс қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстан сыртқы істер министрі Эднан Карабаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Э. Карабаевтың айтуынша, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшылары қол қоятын шешуші құжат - ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарты болмақ.

Қырғызстан СІМ-нің айтуынша, бүгінгі отырысқа қатысушылар сонымен қатар Шанхайда былтыр өткен ұйымның мерейтойлық саммитінің шешімдері мен тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын талқылады. Министрлер Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Болат Нұрғалиевтің өткен жылға арналған есебін бекітіп, "хатшылықтың құрылымын өзгерту жалпы ұйымның тиімділігін көтеруге түрткі болғанын" атап өтті.

"Бүгінгі отырыс Шанхай ынтымақтастығы ұйымын нығайтуға және оның геосаси және геоэкономикалық әлеуетін жүзеге асыруға жасалған тағы бір қадам болды", - деді Э. Карабаев.

Оның айтуынша, министрлер Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жанындағы бақылаушы елдермен және Ауғанстанмен әріптестікті нығайту қажеттігін атап өтті.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесінің отырысына Қырғызстан СІМ Эднан Карабаев, Қытай СІМ Ян Цзечи, Ресей СІМ Сергей Лавров, Тәжікстан СІМ Хамрохон Зарифи, Өзбекстан СІМ Владимир Норов, Қазақстан СІМ Марат Тажин, сондай-ақ, ШЫҰ бас хатшысы Болат Нұрғалиев қатысты.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының саммиті Бішкекте 16 -тамызда өтеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны