25.08.2006, 09:41 3360

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының үкімет басшылары деңгейіндегі саммиті 15-қыркүйекте Душанбеде өтеді

АСТАНА. 24-тамыз. Kazakhstan Today. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің үкімет басшылары кеңесінің отырысы 15-қыркүйекте Душанбеде өтеді. Алдағы саммитке дайындық мәселелері кеше Ташкентте Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер министрлерінің кеңесінде қаралды. Қазақстандық өкілдерді еліміздің индустрия және сауда министрі Владимир Школьник басқарды, деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметі.

"Кеңеске қатысушылар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ахуал мен ықпалдастықтың келешегі, көп жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жайында пікір алмасты".

Өкілдердің басшылары кезек күттірмес "пилотты" жобаларды жасау жұмыстарын пәрмендендіру, ұйым шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыру бойынша Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Іскерлік кеңесі мен банкаралық бірлестігімен арадағы ықпалдастықты күшейту, сондай-ақ, көп жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын кеңейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

"Сауда-энергетикалық кешен және жоғары ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жолға қою үшін тиісті бағыттар бойынша арнаулы жұмыс топтары құрылды",- делінген хабарламада.

Кеңесте "Шанхай ынтымақтастығы ұйымының аймақтық экономикалық ынтымақтастығы" атты вэб-сайтты пайдалану және қызмет көрсету саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі хаттама мен қорытынды хаттамаға қол қойылды. Кездесу қорытындысы бойынша министрлердің кезекті кеңесін 2007-жылдың екінші жартысында Қазақстанда өткізу жөнінде келісім жасалды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны