30.11.2006, 14:01 6324

ШЫҰ болашақ әлемдік жүйенің бір тірегіне айнала алатын ғаламдық маңызы бар бірлестікке өзгеруге қажетті алғышарттарға толық ие - ҚР СІМ

ШЫҰ болашақ әлемдік жүйенің бір тірегіне айнала алатын ғаламдық маңызы бар бірлестікке өзгеруге қажетті алғышарттарға толық ие - ҚР СІМ

АЛМАТЫ. 30-қараша. Kazakhstan Today. ШЫҰ болашақ әлемдік жүйенің бір тірегіне айнала алатын ғаламдық маңызы бар бірлестікке өзгеруге қажетті алғышарттарға толық ие. Бұл туралы ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаевтың "Шанхай ынтымақтастығы ұйымы: нәтижелер және келешек" атты бас қосуға қатысушыларға жолдаған сәлем сөзінде айтылған. Министрдің жолдауын ҚР СІМ-нің орынбасары Қайрат Ибдірахманов оқып берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"2006-жыл - біздің ұйым үшін ерекше жыл. Біз ШЫҰ құрылуының бес жылдығын, ал "Шанхай бестігі" тетігінің құрылуына 10 жыл толу мерейтойын атап өттік",- делінген министрдің жолдауында. Оның пікірінше, осындай қысқа мерзімде ШЫҰ беделді халықаралық ұйымға айналды.

"Шанхай алтылығы" ұйымының іс-қызметі тек Орталық Азия аймағында ғана емес, сонымен бірге ауқымды Еуразиялық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізуде, деді Қ.Тоқаев. Қазір ШЫҰ аясында өзара тиімді экономикалық ықпалдастық пен көп деңгейлі аймақтық интеграцияның моделі қалыптасты. "Мәдени-гуманитарлық саладағы белсенді ынтымақтастықтың арқасында өткен дәуірдегі қатып қалған қағидалар өзгеріп, халықтар арасындағы өзара түсіністік артып келеді",- деп санайды Қазақстанның сыртқы істер министрі.

"Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы мемлекет ретінде ұйымның осындай ролт атқаруына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді",- деді Қ.Тоқаев.

"ШЫҰ біздің сыртқы саясатымыздың стратегиясында басым орынға ие. Оған бүгінгі бас қосу да дәлел. Біз үшін сарапшылар қауымының шанхай диалогының тиімділігі және ұйымның даму келешегі жөніндегі пікірін білу маңызды",- деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 жылы Шекара ауданында әскери саладағы сенімді нығайту туралы Шанхай келісіміне (1996 жыл) және Шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы Мәскеу келісіміне (1997 жыл) сәйкес "Шанхай бестігі" (Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай және Тәжікстан) негізінде құрылды. Кейін ұйымға Өзбекстан бірікті. Иран, Пәкістан, Монғолия, Ауғанстан және Үндістанға Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді. 2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап ШЫҰ-ның бас хатшысы лауазымына Қазақстан өкілі сайланады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны