25.09.2009, 11:37 3000

Соңғы он жылдықта Азия құрылығының саяси және экономикалық рөлі барған сайын арта түсуде - Тоқаев

Соңғы он жылдықта Азия құрылығының саяси және экономикалық рөлі барған сайын арта түсуде - Тоқаев

Астана. 25 қыркүйек. Kazakhstan Today - Соңғы он жылдықта Азия құрылығының саяси және экономикалық рөлі барған сайын арта түсуде. Бұл туралы Қазақстан парламенті сенатының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада ашылған Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Бас ассамблеясының 5-ші жиынында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, "Қазір көптеген сарапшылар 21-ші ғасыр, сөзсіз, Азияның өрлеу ғасыры болатынын айтуда. Бұл өрлеу уақытша бола ма, әле Батыстың көп ғасырлық басымдығына лайықты жауап бола ма - мұны тарихтың өзі шешіп береді. Бірақ бір нәрсе анық: геосаяси өлшемдер жүйесі қозғалысқа келді, әлемдік құрылыстың қайта қалыптасуы басталғаны сөзсіз".

"Соңғы он жылдықта Азия құрылығының саяси және экономикалық рөлі барған сайын арта түсуде. Азия - бұл құрылықтың бір бөлігі ғана емес, ол көптеген ұлттар мен халықтардың үлкен әулеті өмір сүретін біздің ортақ үйіміз",- деді сенат төрағасы өз сөзінде.

Сондай-ақ, оның айтуынша, "Бүгінде әлемде мемлекетті басқарудың оңтайлы үлгілерін іздестіру үрдісі толассыз жалғасуда. Бұл - әсіресе, өтпелі дәуірді бастан кешіп жатқан, соның ішінде Азия құрылығындағы бірқатар елдерге тән құбылыс. Дүниежүзінде кез келген мемлекет өз тарихында елдің экономикалық негізін шайқалтқан дағдарыстардан аттап өте алған жоқ. Қазіргі таңда ең алдыңғы қатарлы дамыған елдердің өзі де оны бастан өткерді. Оның үстіне жаһандану үрдісінің қарқыны реформалар мен өзгерістер жасауға дайын емес елдерді тарих көшінің соңында қалдыруы қаупі де азайған жоқ".

"Ғаламшарда басқа ешбір аймақ Азиядағыдай саналуан бейнесімен ерекшеленбейді. Азия елдерінің тек қана өзіне тән терең тарихы, байырғы салт-дәстүрі, ұлттық мүдделері бар. Мұнда аймақтық және халықаралық саясат мәселелерін шешудің өзіндік жолы қалыптасқан деуімізге болады. Оған мысал ретінде Азия Тынық мұхит экономикалық қоғамдастығы, Ислам Конференциясы ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, АСЕАН сынды мәртебелі құрылымдарды атауға болады",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны