02.10.2009, 13:50 2629

ТМД жоғарғы қаржы бақылау органдары салалық немесе ұлттық проблемалар кең көлемдегі жүйелі дағдарысқа айналып кетпеуі үшін өзара белсенді іс-қимыл жасаулары тиіс

ТМД жоғарғы қаржы бақылау органдары салалық немесе ұлттық проблемалар кең көлемдегі жүйелі дағдарысқа айналып кетпеуі үшін өзара белсенді іс-қимыл жасаулары тиіс

Астана. 2 қазан. Kazakhstan Today - Тәуелсіз мемлекеттер достастығының жоғары қаржы бақылау органдары салалық немесе ұлттық проблемалар кең көлемдегі жүйелі дағдарысқа айналып кетпеуі үшін өзара белсенді іс-қимыл жасаулары тиіс. Бұл туралы Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев Душанбеде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары (ЖҚБО) басшылары кеңесінің IX сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Дағдарыс жағдайында жаңа экономикалық тетіктер мен бағыттарды қалыптастыруға қажеттілік туындап отыр. Дамыған мемлекеттердің түгелге жуығы бастан кешіп отырған проблемалардың нақты ауқымы болжанғаннан әлдеқайда ауқымды екені күн өткен сайын айқын біліне бастады. Сонымен, салалық немесе ұлттық проблемалар кең көлемді дағдарысқа айналып кетпеуі үшін, жоғары қаржы бақылау органдары өзара белсенді іс-қимыл жасаулары тиіс", - деді Омархан Өксікбаев.

"Сондай-ақ жекелеген елдерде ұлттық деңгейде қолданып жатқан дағдарысқа қарсы шараларды түрлі форматтағы халықаралық алаңдарда өзара тиімді іс-қимылмен нығайту өте маңызды деп есептейміз. Тек сонда ғана біз көп полярлық халықаралық қаржы-экономикалық жүйені қалыптастырудың стратегиялық міндеттерін шешуге іс жүзінде жақындай аламыз", - деп атап өтті Есеп комитетінің басшысы.

Оның пікірінше, қазіргі жағдайда мемлекет қаражатын тиімді пайдалану көкейкесті мәнге ие болуда. Омархан Өксікбаев: "Дағдарыс жағдайында әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды салаларын қолдауға бағытталған бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға және тиімді игеруге баса назар аударған жөн деп есептейміз", - деді.

Сондай-ақ, "Қазіргі бухгалтерлік есеп пен есептіліктің, қаржылық тұрақтылық пен тәуекелдерді бағалаудың ұлттық және аймақтық стандарттарының бір-біріне сәйкестігі реформаның өзегі болуы тиіс", - деп қосты ол.

Сонымен қатар, Омархан Өксікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда күш-жігерді белсенді үйлестіру қажет деп есептейді. "Кез келген елде қылмыстық құрылымдар мен жемқор лауазымды адамдардың жең ұшынан жалғасқан қылмыстық әрекеттері үшін жауапқа тартылмауы және олардың сөз байласып заңды экономиканы қаржылық қанауы әдетке айналған, бұл дағдарысты күшейте түсуде", - деді Омархан Өксікбаев.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ЖҚБО басшылары кеңесінің IX сессиясы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарларын еңсерудегі жоғары қаржы бақылау органдарының рөлін талқылауға арналған.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары кеңесі басшыларының кеңесі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары арасында өзара іс-қимылды үйлестіру және тәжірибе алмасуда ынтымақтастықты ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін 2000 жылы құрылған болатын.

Есеп комитеті республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады. Ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны