06.12.2012, 09:35 2013

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшылары жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация қабылдады

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Түркіменстан астанасы Ашғабадта өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша экономикалық және гуманитарлық салалардағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Астана. 6-желтоқсан. Kazakhstan Today - ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшылары жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Түркіменстан астанасы Ашғабадта өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша экономикалық және гуманитарлық салалардағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Сондай-ақ Түркіменстан тарабының бастамасымен Жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының декларациясы қабылданды.

Алқалы жиында қозғалған барынша маңызды тақырыптардың бірі гуманитарлық ынтымақтастық сала болды. Бұл бағытта кеңес отырысына қатысқан мемлекет басшылары "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқы жеңісінің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық туралы" шешімге, "Достастықтың мәдени астанасы" мемлекетаралық бағдарламасына, 2013 жылды ТМД елдерінде Экологиялық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау жылы деп жариялау туралы шешімге қол қойды.

Сондай-ақ экономикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесі де жиын барысында көтеріліп, өңірдегі қауіпсіздік, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру мәселесі де жан-жақты сөз болды. Бұл ретте жиын қорытындысы бойынша қол қойылған "ТМД Экономикалық сотының төрағасы туралы" шешімді, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің біріктірілген қаржы нарығы ұйымдары саласындағы ынтымақтастық туралы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелері басшыларының кеңесін құру туралы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзырлы органдары оқу орындарында лаңкестікке қарсы бөлімшелер мамандарын дайындауда ынтымақтасу туралы келісімдерді, Лаңкестікпен және басқа да экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністерімен күресті жүзеге асыратын құзырлы органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуде ынтымақтасу туралы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісімін атап өтуге болады. Сондай-ақ түрлі бағыттардағы ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдер рәсімделді.

Айта кетерлігі, Түркіменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедов бастамашы болған декларация ТМД-нің қазіргі жай-күйі мен болшақтағы одан арғы дамуы егжей-тегжейлі зерделеніп әзірленген. Құжаттың басты мақсаты - ТМД аясында әріптестіктің негізгі ұстанымдарын нығайту болып табылады. Декларацияда халықаралық қарым-қатынастардың дамуына экономикалық факторлар әсерінің күшеюі үрдісінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі күшейту өзектілігі баса айтылған.

Еске сала кетейік, Ашғабадта өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны