28.05.2007, 15:31 3393

Түрікменстан президенті Астанаға келді

АСТАНА. 28-мамыр. Kazakhstan Today. Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухаммедов екі күндік мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Түрікменстан жетекшісі мінген ұшақ Астана әуежайына 15 сағат 10 минутта келіп қонды. Иуежайда қонақты ҚР СІМ Марат Тәжин мен ҚР ЭМРМ Бақтықожа Ізмұхамбетов күтіп алды.

Бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың хабарлауынша, Түрікменстан президенті сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, екі жақтың үкімет мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған. Бұл келіссөздердің негізгі тақырыбы - қазақ-түркімен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды дамыту болады.

"Атап айтар болсақ, қазақстандық компаниялардың Түрікменстандағы мұнай-газ кеніштерін игеру жобаларына, елдер арасындағы темір жол тармақтары мен өзге де көлік жолдарының құрылысына қатысу мүмкіндіктерін, сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі салаларында бірлескен кәсіпорындар құру мәселелерін талқылау көзделуде. Сапар қарсаңында Алматы мен Ашхабад арасында аптасына екі рет әуе қатынасы қайта іске қосылды",- деді Е.Ашықбаев.

Келіссөздердің нәтижесінде бірқатар екі жақты құжаттарға қол қою көзделуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны