22.10.2009, 18:29 3325

Түркия мен Қазақстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды

Түркия мен Қазақстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды. "Біздерде бұған дейін де мұндай шарт болған еді, бірақ бұл жолы біздер оны кеңейттік және нақтыладық. Ол болашаққа бағдарланған", - деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Алматы. 22 қазан. Kazakhstan Today - Түркия мен Қазақстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

"Біздерде бұған дейін де мұндай шарт болған еді, бірақ бұл жолы біздер оны кеңейттік және нақтыладық. Ол болашаққа бағдарланған", - деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Абдулла Гүлмен шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздердің қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатында.

Елбасы сонымен қатар, Түркия біздің елдің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танығанын атады. Бүгін Қазақстанда құрылыс, ауыл шаруашылығы, металлургия, мұнай және газ салаларында 1400 бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Түркиялық компаниялар Астананың құрылысын салуға белсенді түрде қатысты. Білім беру саласында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ -түрік университеті, С.Демирел атындағы университет, 24 қазақ-түрік лицейі табысты қарым-қатынастың үлгісі болып табылады.

"Тек туризм саласында ғана жыл сайын 200 мың қазақстандық Анталияға келеді. Олар бұл жерде өздерін өз үйіндегідей сезінеді", - деді Н.Назарбаев.

Өз кезегінде Түркия Президенті Абдулла Гүл қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шарт түркі елдері және Орталық Азия мемлекеттері арасында қол қойылған бірден-бір құжат екенін атады. Ол сонымен қатар, 2010 жылы Түркия - Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары кеңесіне, ал Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету фактісін атады. Осылайша, екі ел де еуропалық және азиялық қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз ететін болады.

Сапар барысында сонымен қатар, әскери-техникалық ынтымақтастық, туризм және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы келісімдерге қол қойылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды. Түркия президенті Абдулла Гүл ҚР мемлекет басшысына екіжақты қатынастарды дамытуға, сондай-ақ түркі әлемін дамытуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

"Жақында біздер Изірбайжанда өткен саммитте кездестік, онда Н.Назарбаевтың Түркі кеңесін және Түркі академиясын құру туралы бастамасы қолдау тапты - бұл түркі әлемін сөзсіз жақындастыра түседі, бұл Қазақстан Президентінің сіңірген еңбегі", - деді Абдулла Гүл келіссөздердің қорытындылары бойынша өткен баспасөз мәслихатында.

Ол сонымен қатар, Астанада Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік монументінің ашылғанын және оның ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқанын атады.

"Бұл біздерді қуантады", - деді ол монументтің түрік ұлтының атасына Орталық Азияда қойылған алғашқы ескерткіш екенін атай отырып.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны