23.08.2012, 16:09 3267

Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің жаңа жалауы бекітілді

2009 жылдың қазан айында Изірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекет басшыларының 9-шы Саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойылған болатын.

Бішкек. 23-тамыз. Kazakhstan Today - Бүгін Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің II саммиті өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

2009 жылдың қазан айында Изірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекет басшыларының 9-шы Саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Осылайша Түркі кеңесі атты ұйым дүниеге келіп, оның алғашқы саммиті Алматыда өткені белгілі. Бішкектегі екінші саммитке Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия президенті Абдолла Гүл және Изірбайжан Премьер-министрі Артур Расизаде қатысып, түркі дүниесін жан-жақты дамытуға қатысты талқылаулар жасады. "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді". Түбі бір түркі жұртының төрт өкілі - қазақ, қырғыз, түрік пен әзірбайжан басшылары Бішкекте бас қосты. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, Түркі кеңесі өзінің нағыз қажеттілігін және уақыт оздырмай қолға алынған бастама екенін дәлелдеп үлгерді. Иуелі ол ұйым ретінде рәсімделіп, оның Хатшылығы мен Парламенттік Ассамблеясы құрылды. Ақсақалдар Кеңесі мен Түркі Академиясының жұмысы да жолға қойылды. Нәтижесінде ұйымға мүше елдердің экономикалық һәм мәдени-гуманитарлық ықпалдастығының артуына даңғыл жол ашылды. Қазақстан Түркі Кеңесінің тұңғыш төрағасы ретінде өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Жиында сөз алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның әлеуетін арттыру жолында мәдени-гуманитарлық саладан бөлек, өзара экономикамыздың өсімін қамтамасыз етуге қажетті бірқатар ұсыныстар жасады. Мәселен, түркітілдес елдер арасындағы тауар айналымы олардың мүмкіндігіне де, мүддесіне де сәйкес келмейді. Бұл ретте Елбасы Орталық Азия мен түркі әлемінің геосаяси орналасуын тиімді пайдалана білудің маңызды екенін атады. Ол бойынша көлік-тасымал бағытын дамытудың пайдасы зор.

Бішкек саммитінде Түркі Кеңесінің жаңа жалауы бекітілді. Жиын қорытындысы бойынша төрт құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Түркі кеңесі хатшылығының қаржылық ережелері туралы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының жарғысы туралы, сондай-ақ Түркі Академиясын құру туралы келісімдер қабылданды. Ал мемлекет басашылары Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің II саммиті бойынша жиынтық құжат - "Бішкек декларациясын" бекітті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны