27.04.2012, 12:08 3601

Үкімет басшысының бірінші орынбасары С.Ахметовтің ГФР-ға жұмыс сапары аяқталды

Үкіметтік делегация сапар аясында Ганновер өнеркәсіптік көрмесінде болып, жоғары технологиялар, инновациялар және өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы жетістіктермен танысты.

Астана. 27-сәуір. Kazakhstan Today - Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов бастаған үкіметтік делегация Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапарын жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Үкіметтік делегация сапар аясында Ганновер өнеркәсіптік көрмесінде болып, жоғары технологиялар, инновациялар және өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы жетістіктермен танысты.

С.Ахметов бастаған делегация көрмеде бірқатар германиялық және еуропалық компаниялардың басшылығымен екіжақты кездесулер және келіссөздер өткізді. Келіссөздер барысында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі міндеттері таныстырылды.

Магдебург қаласында ҚРПремьер -министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов бастаған ҚР үкіметтік делегациясы "M?ller-Altvatter GmbH", "B.T. innovation GmbH" компанияларының үй салу комбинаттарының жұмысымен танысты. Ол жерлерде Қазақстанда қолжетімді баспана салу үшін озық құрал-жабдықтармен жоғары технологиялар пайдалану саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі туралы келіссөздер өтті.

Сондай-ақ С.АхметовСаксония-Анхальт Федералдық жерінің премьер-министрі РайнерХазелофпен кездесті.

Түстен кейін қазақстандық делегация "EuroglasGmbH" компаниясының шыны зауытында болды. Бұл жерде тараптар немістің "DTECEngineering" компаниясымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының аумағында дөңгелек шыны шығаратын алғашқы зауыт салу мәселесін талқылады.

Германия Федеративтік Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер Серік Ахметов бастаған үкіметтік делегация Германияның Магдебург қаласында Фраунгофер ғылыми-зерттеу институтының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында Фраунгофер институтының Қазақстандық индустрияны дамыту институтымен, Ұлттық инновациялық қор, "AstanaInnovation" АҚ, "Зерде" АҚ, Назарбаев Университетпен арадағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар қазақстандық делегация Берлин Еуразиялық Клубының бірінші отырысына қатысты. Берлин Еуразиялық Клубы ҚР Президенті Н.И.Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына жасаған сапары аясында 2012 жылдың 7 ақпанында ашылған болатын және сарапшылар мен көрнекті саяси қайраткерлердің ҚР мен ГФР, сондай-ақ ҚР мен ЕО арасындағы қоғамдық-саяси мазмұнға ие мәселелерді талқылау үшін диалог алаңы ретінде құрылған болатын. Клуб әлемдік қоғамдастықтың сараптамалық жұмыстарда жаңа әдіс-тәсілдерге қол жеткізуге деген ұмтылысын ұдайы қолдап, әлемдегі, соның ішінде Еуразиядағы саяси үдерістердің дамуын болжауға назар аударады.

25 сәуір күні Берлинде Қазақстанның үкіметтік делегациясы Германия экономикасы Шығыс комитетінің бас директоры Райнер Линднермен кездесті. Тараптар Қазақстанға германиялық инвестиция мен озық технологиялар тарту саласындағы, сондай-ақ елімізде озық өнеркәсіптік өндірістер құру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегация сондай-ақ газ құбыр жабдықтарын шығаратын "Siemens" компаниясына ат басын бұрды. Бұл компания қазіргі таңда газ құбыр жабдықтарын құрастыратын технологияны Қазақстанның "ҚазҚұбырЖөндеу" компаниясына тапсыруда.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов бастаған үкіметтік делегация Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапарының соңында ІІІ жалпыгерманиялық Шикізат конгресіне қатысты.

Конгресс жұмысына ГФР-дың қоғамдық-саяси және іскерлік топтарының, Берлинде тіркелген дипломатиялық корпустың 500-ден астам өкілі қатысты. Германия канцлері Ангела Меркель, парламент депутаттары, ірі корпорациялар мен өнеркәсіптік бірлестіктердің басшылары баяндама жасады.

ГФР канцлері Ангела Меркель өз сөзінде, Германияның Қазақстан экономикасын жаңғыртуға атсалысуға әзір екенін атап көрсетті және бұл бағытта Германия үкіметі алғашқы қадамдар жасағанын - Қазақстанмен ұзақмерзімдік шикізаттық және технологиялық ынтымақтастық қолға алынғанын жеткізді.

Конгреске қатысушылардың алдында сөз сөйлеген С.Ахметов, қазақстан-герман сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарының қарқыны жоғары екенін айтты.

2011 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 2,8 млрд. еуроны құрады. Соңғы 20 жылда Германияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясы 829 млн. еуроны құраған және бұл соманың 1/3 бөлігінен астамы соңғы үш жылда тартылған қаражат.

С.Ахметов, Қазақстан мен Германия бизнестерін екіжақты ынтымақтастық арттыруға шақырды. "Біз ынтымақтастығымыздың кемел келешегін жоғары бағалаймыз. Экономикалық ынтымақтастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруге біздің әлеуетіміз жетеді. Германия бизнесінің қазақстандық нарықтағы белсенді және табысты жұмысы Қазақстан экономикасына қомақты үлес әкеліп, елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай нығайтуға жаңа серпін береді деген үміттеміз",- деді С.Ахметов өз сөзінде.

Конгресс қорытындысы бойынша жаңартылған Шикізат стратегиясы қабылданды. Оның аясында басқа мәселелермен қатар, Қазақстанмен өнеркәсіптік және технологиялық серіктестікті жандандыру мәселесі де қарастырылып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны