11.03.2007, 14:00 3636

Украина Қазақстанмен арада етене жақын экономикалық қарым-қатынас орнатудан мүдделі

ПАВЛОДАР. 11-наурыз. Kazakhstan Today. Украина Қазақстанмен арада етене жақын экономикалық қарым-қатынас орнатудан мүдделі. Бұл туралы Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Николай Селивон Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазақстанды Киев бұрынғы Кеңестер Одағы аумағындағы басты экономикалық және сыртқы саяси әріптестерінің бірі деп бағалайды",- деді елші. Оның айтуынша, тек 2006-жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 60 процентке артып, 1 млрд 660 млн долларды құраған. Қазіргі жағдаймен Украина Қазақстанның басты экономикалық әріптестерінің арасында 10-шы орында. "Біз сіздің елге 140 түрлі өнім жеткізіп, осы елден тағы осы көлемде өнім аламыз",- деді Н.Селивон. Елшінің пікірінше, "бұл мүлдем жеткіліксіз. Өйткені, екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары". Елшінің пайымдауынша, екі елдің машина жасау және металлургия салаларындағы ынтымақтастығы жеткіліксіз дамыған.

Н.Селивон осы орайда ақпан айында Украинада өткен соңғы кездесу барысында екі мемлекет басшысы Астана мен Киевтің ғарыш, әскери-техникалық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығына қатысты құжаттарға қол қойғанын еске сала кетті. "Қазірдің өзінде қол қойылған келісімдерді жүзеге асыруға бағытталған нақты іс-шаралардың жоспарын жасауға тиіс біріккен Қазақстан-Украина жұмыс топтары құрылды",- деді елші. Оның айтуынша, Киев Астананың Одесса-Броды мұнай құбырын тартуға атсалысуынан мүдделі. "Жоба 2007-жылдың 1-сәуірінде мемлекет басшыларының қарауына ұсынылады деп күтілуде",- деді елші. "Бұл жоба Украианың энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар болса, Қазақстан үшін ол экономиканы әртараптандыру жолы мен Еуропа нарығына шығу мүмкіндігі болмақ",- деді Н.Селивон.

Қазақстан қатысады деп күтілген басқа жобаларға келсек, олар - Украинаның батысында қуаты 3 млн тонна мұнайды құрайтын мұнай өңдеу зауытын салу; Керчь айлағында 1 млн тонна сұйытылған газ тасымалдайтын теңіз терминалын салу; Приднепровск мұнай құбырын "Южный" теңіз терминалымен жалғастыратын ұзындығы 52 шақырымдық жаңа мұнай құбыры учаскесін тарту; Сонымен бірге, елшінің хабарлауынша, қазір Қазақстан жағы "Херсон мұнай өңдеу зауыты" АҚ акцияларының бақылау қоржынын сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны