08.04.2010, 11:30 2942

Украина президенті Виктор Януковичтің Қазақстанға сапары барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды

Украина президенті Виктор Януковичтің Қазақстанға сапары барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды

Астана. 8 сәуір. Kazakhstan Today - Украина президенті Виктор Януковичтің Қазақстанға сапары барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Виктор Янукович кең ауқымдағы екіжақты өзара ықпалдастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысты білдіретін Бірлескен мәлімдемеге және 2010-2011 жылдарға арналған Қазақстан мен Украина арасындағы "Жол картасы-3" Ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Бұл құжаттар сауда-экономика, отын-энергетика, көлік салаларындағы, машинажасау және агроөнеркәсіптік кешендеріндегі, сондай-ақ ғарыш және гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты жандандыруға септігін тигізбек.

Сонымен қатар үкіметаралық деңгейде азаматтардың өзара барыс-келісі жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Украина президенті Виктор Януковичпен кездесті.

Ақордада ресми кездесу рәсімінен соң шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Келіссөздер барысында президенттер сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыра түсу мәселелерін талқылады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Виктор Януковичті Украина президенті қызметіне сайлануымен құттықтап, Украина халқының игілігі үшін әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу мақсатымен саяси күштерді топтастыру ісінде табыс тіледі.

Қазақстан көшбасшысы В.Януковичтің сайлануы Қазақстан мен Украина арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың дамуына жаңа серпін береріне сенімін білдірді.

Өз кезегінде Виктор Янукович жаңа елорда - Астана құрылысының қарқынына, сонымен қатар қазақстандықтардың өмірінің сапасын арттыру үшін қыруар іс атқарылған Қазақстандағы тұрақты дамуға өзінің таң қалатынын білдірді.

"Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаев мен үшін әрдайым алдымдағы аға серіктесім және досым болды. Мен оған үнемі еш жасандылығы жоқ зор құрметпен қараймын. Ол жұмысқа деген зор жауапкершіліктің және туған жерге деген шексіз махаббаттың асқан үлгісін көрсететін буын өкіліне жатады", - деді Украина президенті.

Келіссөздер барысында мемлекет басшылары Қазақстан-Украина қарым-қатынастары дамуының үдемелі және қарқынды сипатын атап өтісті. Бүгінде екі елдің арасында салиқалы келісімдік-құқықтық база құрылған. Екіжақты деңгейде және халықаралық ұйымдар шеңберінде белсенді саяси диалог орнап отыр. Парламентаралық байланыстар да тығыз даму үстінде, парламенттерде депутаттық "достық топтары" жұмыс істейді.

Украина Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын, сонымен қатар мемлекет басшысының Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін (АӨЫСШ), Илемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру жөніндегі және ядролық қарусыздандыру мен әлемдік қаржы дағдарысының салдарларын еңсеру тарапындағы бастамаларын қолдады. Киев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін және ел басшылығының Қазақстанда тұратын 350 мыңдық украин қауымына қолдау көрсету бағытындағы іс-шараларын жоғары бағалайды.

Тараптар былтыр Қазақстан-Украина арасындағы тауар айналымының мөлшері 2008 жылғы көрсеткіштен төмендеп, 3,4 миллиард долларды құрағанына тоқталды. Соған байланысты, іскерлік байланыстарды жандандыра түсу мақсатында президенттер Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жыл сайынғы комиссияның тәжірибесін қайта жаңартуға тапсырма берді.

Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі - отын-энергетикалық кешен, соның ішінде Қазақстан мұнайын украиналық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу және оны Украина аумағы арқылы еуропалық нарыққа шығару. Ағымдағы жылы Украина бағытында және оның аумағы арқылы транзитпен 6 миллион тонна қазақстандық мұнайды тасымалдау жоспарлануда.

Президент Қазақстанда қазіргі уақытта елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев украиналық компанияларды ауылшаруашылық машиналарын құрастыру, металл өңдеу, минералды тыңайтқыштар өндіру, ғарыш салаларын дамыту бағытындағы жобаларға қатысуға шақырды.

Келіссөздерде мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға, білім беру тәжірибелермен алмасуға үлкен көңіл аударылды. Бүгінде 100-ден астам қазақстандық студент Украиның ЖОО-ларында инженерлік және техникалық мамандықтар бойынша білім алуда.

Мемлекет басшылары екі елдің Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге дайындығына ерекше көңіл аударды.

Қазақстан тарапы Украинаға ЕҚЫҰ-дағы Қазақстанның төрағалығын және ЕҚЫҰ мемлекет басшыларының саммитін Астанада өткізу ұсынысын қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекет басшылары бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Украиналық тілшінің транзит-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндег сауалына жауабында президент Қазақстан-Украина ынтымақтастығының ең маңызды бөлігінің бірі теміржол бағдарларын дамыту екенін атап өтті.

"Бүгінде Тынық мұхиттан Қытай мен Қазақстан арқылы Амстердамға дейінгі жолдың жобасы жасалуда. Қазірдің өзінде бірнеше контейтерлік тасымал жасалды да. Бұған қоса Қазақстан "Батыс Қытай - Батыс Қазақстан" автокөлік жолының құрылысын бастап кетті. Қазақстан аумағы арқылы бұл жолдың 2 700 шақырымы өтеді. Жолды аяқтағанда біз Ресей арқылы Украинаға жақындай түсеміз. Өте қажет бүгінгі "Жібек жолы", міне, осы. Басқа да жобалар бар, соның бірі - Каспийден Қара теңізге дейінгі "Еуразия" арнасы. Егер біз осы бағытты дамытатын болсақ, бұл біздің халықтарымыздың бәріне игілік әкеледі", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Украина президенті жаңғырудың жолына түскен, 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасын жасап, оны жүзеге асырып жатқан Қазақстан экономикасының даму қарқынына тоқталып өтті.

"Бұл өте дұрыс жол, өршіл мақсат. Оның жүзеге асатынына мен сенімдімін", - деді В.Янукович.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны