12.04.2010, 10:10 1410

Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ президентінің кездесуі болып өтті

Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ президентінің кездесуі болып өтті

Астана. 12 сәуір. Kazakhstan Today - Вашингтондағы "Блэр Хаус" ресми резиденциясында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Америка Құрама Штаттарының президенті Барак Обаманың кездесуі болып өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президентінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитті шақыру, Ресеймен Стратегиялық шабуылдық қару-жарақ (СШҚ) туралы жаңа шартқа қол қою, АҚШ-тың жаңа ядролық стратегиясын қабылдау сияқты ядролық қарусыз әлем қалыптастырудағы үлкен қадамдарға себеп болған халықаралық қауіпсіздік саласындағы бастамаларын және жетістіктерін айрықша атап өтті.

Қазақстан президенті Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының даму деңгейіне қанағаттанатынын білдірді.

"АҚШ - Қазақстанның жетекші экономикалық және инвестициялық серіктесі. Энергетика секторында АҚШ-тың ең ірі компаниялары жұмыс істеуде. 80 миллиардтан астам доллардың 30 миллиарды - америкалық компаниялардың салымы", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшылары Қазақстан мен АҚШ-тың көп қырлы жоспарлар бойынша өзара ықпалдастығын кеңейту мәселелерін, екі елдің сырты саясат ведомстволары басшыларының орынбасарлары жетекшілігімен ынтымақтастық жөнінде бірлескен комиссия құрудың мүмкіндігін талқылады.

Кездесу барысында Ауғанстандағы, Орталық Азиядағы, еуразиялық кеңістіктегі ахуал, оның ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығына қатысты жағдайы жөнінде тақырыптық әңгіме қозғалды.

АҚШ президенті Қазақстанның өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға күш-жігер салуын қолдайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Барак Обаманы ағымдағы жылдың қараша айында Астанада өткізу көзделіп отырған ЕҚЫҰ саммитіне қатысуға шақырды.

Қазақстан және АҚШ президенттері екі жақты қарым-қатынастардың өзге де өзекті мәселелерін талқылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны