15.09.2009, 13:47 2697

Вьетнам Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің толыққанды мүшесі болу туралы шешім қабылдады

Вьетнам Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің толыққанды мүшесі болу туралы шешім қабылдады

Астана. 15 қыркүйек. Kazakhstan Today - Вьетнам Социалистік Республикасы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің толыққанды мүшесі болу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы бүгін Астанада Вьетнам үкіметінің басшысы Нгуен Тан Зунгпен жүргізілген келіссөздерден кейінгі брифингте Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Вьетнамның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің толыққанды мүшесі болуы туралы қабылданған шешім жөніндегі ақпараты үшін мен Вьетнамның премьер-министріне алғысымды білдіремін", деді брифингте К. Мәсімов. Сонымен қатар Қазақстан үкіметінің басшысы Вьетнам таяу уақытта АСЕАН-ға төрағалық жасайтынын айта келе, "Вьетнам осы ұйымда Қазақстанмен арадағы көпір болады", деді.

"Біздер таяу уақытта қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім сияқты бірқатар құжаттарды дайындап, қол қоятын болып келістік. Бұлар біздің ынтымақтастығымызды одан әрі нақтылай түседі", деді К. Мәсімов.

"Мүмкіндікті пайдаланып, сізді Вьетнамның тәуелсіздігінің 64 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Сіз бен біз жаңа екі жақты ынтамақтастықтың ағымдағы мәселелері бойынша жүзбе-жүз пікір алмастық, енді осы әңгімені олан әрі жалғастыра беруді ұсынамын",- деді Кәрім Мәсімов.

Өз кезегінде Вьетнам үкімет басшысы Қазақстан халқының қол жеткізген ұлығаусар табыстарына тәнті болғанын жеткізді.

Айта кетейік, Вьетнам үкіметінің басшысы Қазақстанға ресми сапармен келіп отыр. Бұл Қазақстан мен Вьетнам арасындағы соңғы 15 жылдағы жоғары деңгейдегі алғашқы ресми сапар болып табылады. Кездесуде үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту нәтижелерін талқылады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2008 жылғы сәуірдің 4-інде Астанада 10 жылдық үзілістен кейін Сауда-экономикалық және ғылыми техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-вьетнам үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті.

Кездесудің қорытындысы бойынша әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықтың перспективасын анықтайтын хаттамаға қол қойылды. Ал 2009 жылғы сәуірдің 20-сында екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасында кезекті саяси консултациялар өтті. Ал 2009 жылғы сәуірдің 17-сінде Бао Азиялық форумының жыл сайынғы конференциясы аясында Вьетнам тарапының бастамасы бойынша ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам премьер-министрі Нгуен Тан Зунгпен кездесті.

Кездесу барысында мемлекет басшысы Вьетнам үкіметінің басшысын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін қажетті келісімшарттық-құқықтық базаны қалыптастыру маңыздылығын атап көрсетті. Вьетнам үкіметі басшысының Қазақстанға жасап отырған осы сапары аясында екі елдің үкіметтері арасында бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Олардың ішінде екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісім, Қазақстан азаматтарының Вьетнамдағы және Вьетнам азаматтарының Қазақстандағы уақытша еңбек қызметі туралы келісім бар.

ҚР СІМ деректері бойынша Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 96,1 млн долларды құраған (экспорт $72,9 млн, импорт $23,2 млн). Ал 2009 жылдың алғашқы жарты жылдығында бұл көрсеткіш $60,08 млн болды. Қазақстан Вьетнамға негізінен асбест (таскендір), темір прокаты мен басқа да түрлі жабдықтар экспорттайды. Қазақстан Вьетнамнан шай, дәрі-дәрмек, тазалық және косметикалық құралдарын, компьютерлер және басқа да ақпарат тасымалдағыштар алады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны