31.07.2026, 22:49 17726

Көп қырлы сыртқы саясат пен ішкі жаңғыру: Қазақстан дамуының жаңа логикасы

Көп қырлы сыртқы саясат пен ішкі жаңғыру: Қазақстан дамуының жаңа логикасы
Қазақстан шілденің екінші жартысында сыртқы саяси ұстанымдарын нығайтуды жалғастыра отырып, ішкі инфрақұрылымды жаңғыртуға баса назар аударды. Ресеймен жүргізілген келіссөздер, Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамыту, энергетикалық кешенді қысқы кезеңге дайындау және цифрлық жобаларды ілгерілету мемлекеттің сыртқы интеграцияны ішкі экономикалық тұрақтылықпен және технологиялық даму міндеттерімен жүйелі түрде ұштастырып отырғанын көрсетеді.

Саясат: өңірлік одақтар арқылы көп қырлы саясат жүргізу

Осы кезеңдегі негізгі оқиғалардың бірі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Омбыға сапарын атауға болады. Сапар барысында 25 шілде күні Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізіп, Қазақстан мен Ресейдің XXII Өңіраралық ынтымақтастық форумы ұйымдастырылды. Форумның басты тақырыбы жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру және екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын дамыту болды.

Қазақстан мен Ресейдің XXII Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс мәселесін де қозғады. Атап айтқанда, Тоқаев Путинге Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастырып, "Стамбұл формуласы 2.0" бастамасына қайта оралуды ұсынды.

Форум мен келіссөздердің маңызы дәстүрлі шекара маңындағы ынтымақтастық шеңберінен әлдеқайда кең екенін атап өткен жөн.

Ресей Қазақстан үшін ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді, ал өңіраралық байланыстар бірлескен көлік, өнеркәсіп және технологиялық жобаларды ілгерілету тетігіне айналуда. Президенттерге таныстырылған жүк тасымалын сүйемелдеуге, сауданың ашықтығын арттыруға және автомобиль көлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған цифрлық шешімдер логистиканың дамуы барған сайын бірыңғай цифрлық инфрақұрылымға негізделіп келе жатқанын көрсетеді.

Сыртқы саясаттың екінші маңызды бағыты өңірлік өзара іс-қимылды нығайту болып табылмақ. 31 шілдеде Тоқаев Шолпан-Атада өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан көшбасшыларының бейресми консультативтік кездесуіне қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша Шолпан-Ата декларациясы қабылданды.

Консультативтік форматтың Әзербайжан елінің қатысуы есебінен кеңеюі мемлекеттердің Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды жандандыруға ұмтылысын көрсетеді. Көлік, энергетика, сауда, туризм және өңірлік қауіпсіздік мәселелерінің талқылануы мұндай кездесулердің біртіндеп нақты экономикалық жобаларды келісу алаңына айналып келе жатқанын аңғартады.

Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан шетел азаматтары үшін бірыңғай туристік виза тетігін одан әрі пысықтау бастамасын қолдады. Бұл бастама өңірдің туристік тартымдылығын арттыру құралдарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Осылайша, Қазақстан бірін-бірі толықтыратын екі сыртқы саяси бағытты, яғни Ресеймен стратегиялық әріптестікті және Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны тереңдетуді қатар дамытуда. Бұл форматтар елдің сауда, транзит және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ақорда

Экономика: тұрақтылықтың негізі ретіндегі инфрақұрылым

Осы кезеңдегі экономикалық күн тәртібі көлік байланысын дамытуға, энергетиканы жаңғыртуға және цифрлық жобаларды ілгерілетуге бағытталды.

Омбы форумының күн тәртібі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың біртіндеп дәстүрлі тауар айналымы шеңберінен шығып келе жатқанын көрсетті. Негізгі назар көлік инфрақұрылымын, логистиканы, өнеркәсіптік кооперацияны және цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне аударылды. Сонымен қатар, Шолпан-Атада өткен келіссөздер Қазақстанның Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайтуға ұмтылысын айқындай түсті.

Ресей бағыты мен Транскаспий дәлізін қатар дамыту құбылмалы халықаралық жағдайда Қазақстанның көлік бағыттарын әртараптандыруға және экспорттық логистиканың тұрақтылығын сақтауға ұмтылатынын көрсетеді.

Осы кезеңде энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін Каспий құбыр консорциумының кейбір қалқымалы айлақтарының жұмысы уақытша шектелген соң, Қазақстан экспорттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүдделі екенін растады. Ал, Сыртқы істер министрлігі мұндай оқиғаларды елдің экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық деп бағалады.

Еліміздегі негізгі басымдықтардың бірі энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту болып қала бермек. 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына электр станцияларын дайындауға 384 миллиард теңге бөлінді. Жыл ішінде тоғыз энергия блогына, 55 қазандыққа және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Шілде айының соңына қарай екі қуат блогы, 13 қазандық және сегіз турбина жөндеуден өтті. Сонымен қатар, тағы екі энергия блогында, 27 қазандықта және 16 турбинада жұмыстар жалғасуда.

Жөндеу науқанының ауқымы энергетикалық кешенді неғұрлым жүйелі жаңғыртуға көшу басталғанын көрсетеді. Сонымен бірге бұл генерациялайтын қуаттарды одан әрі жаңарту қажеттігін де аңғартады. Сондықтан алдағы жылдары энергиямен жабдықтаудың сенімділігі жаңа нысандардың салынуына да, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімділігіне де байланысты болады.

Технологиялық бағыт 29 шілдеде Астанада ашылған "Болашақ ойындары - 2026" халықаралық мультиспорттық турнирі арқылы жаңа серпін алды. Елордада 9 тамызға дейін дәстүрлі спортты, киберспорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін сегіз фиджитал жарысы бойынша 34 елден келген 800-ден астам спортшы бақ сынайды.

Турнирдің ашылу салтанатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Жасанды интеллект университеті құрылатынын жариялап, цифрлық экономика мен жасанды интеллект технологияларын жедел дамыту бағытын тағы бір мәрте растады. Осылайша, бұл турнир ірі халықаралық спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның технологиялық күн тәртібін ілгерілетудің және цифрлық экономиканы дамыту стратегиясының маңызды бөлігіне айналды.

Ақорда

Қоғам: тәуекелдерді бақылау арқылы тұрақтылық

Шілденің екінші жартысындағы әлеуметтік күн тәртібі екі негізгі бағытқа - инфляцияны тежеуге және мемлекеттік қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталды. Бұл мәселелер экономиканың тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.

Маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3% болып, алдыңғы айдағы 10,4% көрсеткішпен салыстырғанда төмендеген. Сонымен қатар, республикалық орташа деңгейден жоғары инфляция елдің 11 өңірінде сақталды. Шілденің алғашқы үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,1%-ға төмендеген.

Инфляцияның баяулауына негізгі ықпал еткен фактор - көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауы болып отыр. Шілде айында қызанақ бағасы 15,1%-ға, қияр 18,2%-ға, сәбіз 5,2%-ға, ал жұмыртқа 2,4%-ға арзандады. Сонымен қатар, ет өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша бағаның өсуі жалғасып, қой еті 2%-ға, жылқы еті 1,3%-ға, ал, тартылған ет 0,6%-ға қымбаттаған.

Depositphotos

Айдың соңына қарай бағаның төмендеуі өз жалғаын тапты. Бір апта ішінде картоп 2,8%-ға, қызанақ 2,4%-ға, алма 1,9%-ға, қияр 1,2%-ға арзандады. Сонымен қатар, ұн, бірінші сұрыпты нан, сиыр еті, жылқы еті және сүт бағасы өзгеріссіз қалды. Бұл өнімдер халықтың күнделікті шығындарының елеулі бөлігін құрайды. Бұл жағдай инфляцияның баяулауының негізгі себебінің маусымдық факторларға байланысты екенін және тұтыну қоржыны құнының тұрақты төмендемеуін көрсетеді.

Мемлекеттік саясаттың тағы бір маңызды бағыты бюджет қаражатының пайдаланылуына қойылатын бақылауды күшейту болды. Жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі 279 млрд теңге көлеміндегі негізсіз мемлекеттік шығындардың алдын алды. Бұл көрсеткіш қаржылық бақылаудың күшейгенін және мемлекеттің бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға деген ұмтылысының айғағы болмақ.

Инфрақұрылымдық тұрақтылық - ортақ стратегия

Шілденің екінші жартысындағы оқиғалар Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатының бірыңғай инфрақұрылымдық логика аясында өзара тығыз байланысып келе жатқанын көрсетті. Омбыдағы форум Қазақстан мен Ресей арасындағы логистика мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға арналса, Шолпан-Ата қаласындағы кездесу Орталық Азиядағы ынтымақтастықты кеңейтуге және Транскаспий бағытын нығайтуға бағытталды. Сонымен қатар, энергетиканы жаңғырту, көлік үдерістерін цифрландыру және халықаралық технологиялық турнирдің өткізілуі ұзақ мерзімді экономикалық өсудің ішкі алғышарттарын қалыптастыруда.

Сонымен бірге, мемлекет ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мен қазіргі әлеуметтік міндеттерді шешу арасындағы теңгерімді сақтауға ұмтылуда. Көлік дәліздерін, өнеркәсіпті және цифрлық экономиканы дамыту тұрақты энергетиканы, тиімді мемлекеттік басқаруды және бюджет шығындарын қатаң бақылауды талап етеді. Сондықтан электр станцияларын жаңғырту, бағаны тұрақтандыру және қаржылық мониторингті күшейту тұрақты даму стратегиясының өзара байланысты құрамдас бөліктеріне айналып отыр.

Қорытынды

Шілденің екінші жартысында Қазақстан көптарапты сыртқы саясатты нығайту бағытын жалғастыра отырып, ішкі инфрақұрылымды жаңғыртуға да басымдық беретінін тағы бір мәрте растады. Ресеймен стратегиялық әріптестікті дамыту, Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттерімен ынтымақтастықты кеңейту, Транскаспий бағытын ілгерілету, энергетиканы жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы және цифрлық жобаларды дамыту мемлекеттің экономикалық өсудің неғұрлым тұрақты моделін қалыптастыруға ұмтылып отырғанының айғағы.

Сонымен қатар, бұл модельдің тиімділігі ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобаларды қазіргі әлеуметтік міндеттермен үйлестіру қабілетіне байланысты болады. Инфляцияны тежеу, бюджет шығындарының тиімділігін арттыру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заманауи технологияларды дамыту халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мен көлік бағыттарын әртараптандыру сияқты тұрақты дамудың маңызды шарттарына айналып отыр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны