Қазастандық дипломаттар еліміздің басқа елдермен ынтымақтастығын дамытуды көздейтін бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, еліміздің Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы Бекайдар Сары Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұлдағы өкілі, Мехмет Мұстафа Гөксумен кездесу өткізіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар мәселелерін талқылады.
Тараптар консулдық саладағы өзара іс-қимыл, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, әртүрлі бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның шетелдік инвестициялар институтының президенті Кеничиро Хаяшимен кездесу өткізді.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасының негізгі баптарымен таныстырып, салықтық преференцияларға, субсидияларға және шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдіктеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, инвестициялық рәсімдерді барынша жеңілдету үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа сұхбаттасушыны назарына ұсынылды.
Тараптар жапон компанияларының Қазақстандағы қазіргі қызметі мен олардың жұмыс жасау ауқымын кеңейту перспективаларын талқылады. Кездесу барысында цифрлық инфрақұрылым, маңызды пайдалы қазбалар, көлік, логистика және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін терең өңдеу сияқты басым салалардағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Ал, Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польша Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Радослав Грукпен кездесіп, Қазақстан-Польша қатынастарының қазіргі жай-күйін, оларды одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ Елшіліктің басым салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жоспарларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды қолдауға және екіжақты қатынастардың негізгі мәселелері бойынша мазмұнды диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
