Қазақстан Еуропамен байланысын нығайтуда: терроризмге қарсы күрестен жаңа дипломатиялық байланыстарға дейін
Қазақстандық дипломаттар Еуропалық Одақ өкілдерімен терроризмге қарсы күрес мәселелерін талқылап, Ирландияның жаңа елшісімен кездесу өткізді және Молдовада фотокөрменің ашылуына қатысты, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко Брюссельде өткен терроризмге қарсы күрес жөніндегі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» екінші диалогына қатысты. Кездесу барысында тараптар қазіргі террористік қауіп-қатерлерге қатысты бағалауларымен алмасып, терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде көпжақты алаңдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Исетов Қазақстан Республикасындағы Ирландияның жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Джулиан Клэрден сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады. Кездесу барысында тараптар саяси диалогты жандандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ білім беру, мәдениет және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ Қазақстанның Молдовадағы елшісі Алмат Айдарбеков Кишинев қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған "Қазақстанды аш" фотокөрмесінің ашылуына қатысты. Экспозицияда Қазақстанға ашылған 43 терезені бейнелейтін 43 фотосурет ұсынылған.
"Көрме Қазақстан Республикасының күніне және Кишиневтің 590 жылдығына арналған. Оның мақсаты – Молдова астанасының тұрғындары мен қонақтарын еліміздің табиғатымен, тарихи-мәдени мұрасымен және қазіргі дамуымен таныстыру, екі халық арасындағы достық байланыстарды нығайтуға үлес қосу", - деп хабарлады СІМ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
