12.08.2026, 19:28 14276

Қазақстан мен АҚШ энергетика, технологиялар және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен АҚШ энергетика, технологиялар және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастықты талқылады
Сурет: ЖИ
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капур Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының энергетика, технологиялар және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

"Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады",- деп айтылған хабарламада.


Е.Көшербаев сұхбаттасын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы хабардар етіп, елдің дамудағы жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Осыған байланысты 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іс жүзінде іске асырудағы маңызды кезең болатыны аталып өтті.

ҚР СІМ

Өз кезегінде, америкалық тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады және энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестициялар салаларындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Су ресурстарын басқарудың жаһандық архитектурасын нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасына, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында сондай-ақ 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін "G20" саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасылды. Саммитке Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады. Осыған байланысты тараптар жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды түрде қалыптастыру мақсатында одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайын екендерін білдірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны