13.08.2026, 15:48 11436

Қазақстан мен ЕО КҚК арқылы энергия ресурстарын жеткізу мәселесін талқылады

Қазақстан мен ЕО КҚК арқылы энергия ресурстарын жеткізу мәселесін талқылады
Сурет: Depositphotos
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі - Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен телефон арқылы сөйлесті.

Сұхбаттасушылар энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне және энергия ресурстарын жеткізудің халықаралық инфрақұрылымын, оның ішінде Каспий құбыр консорциумы шеңберіндегі инфрақұрылымды одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 23 маусымында Брюссельге жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды талқылау аясында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ алдағы екіжақты және көпжақты байланыстардың кестесін талқылады.

Әңгіме барысында тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделілігін растап, перспективалы ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге өзара бейілділігін білдірді.

Бұған дейін Қазақстан мен Грекия КҚК арқылы мұнай жеткізу қауіпсіздігін талқылаған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мұнай қабылдауға уақытша шектеу енгізгеннен кейін Қазақстан мұнай экспортының қосымша бағыттарын қарастырып жатыр.

20 шілдеде Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында азаматтық танкерге тағы бір шабуыл жасалып, соның салдарынан мұнай тиеу тоқтатылды.

Сондай-ақ, 30 шілдеге қараған түні КҚК теңіз терминалының ВПУ-3 айлақтан тыс тиеу құрылғысында мұнай тиеп жатқан Маршалл аралдарының туы астындағы NIFFOS SIFNOS танкеріне дрондар шабуыл жасады.

Бұдан бөлек, КҚК теңіз терминалынан алты теңіз милі қашықтықтағы аумақтық суларда мұнай қабылдау үшін терминалға бет алған Мэн аралының туы астындағы MARATHI танкеріне шабуыл жасалды.

Кейінірек Украина КҚК-ға шабуылдарды тоқтатуға келісті, деп хабарлады Bloomberg агенттігі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны