09.06.2026, 18:37 1111

Қазақстан мен Иран көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Иран көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Сыртқы істер министрлігінде Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық істер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабадимен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан-Иран ынтымақтастығының көпжақты салалардағы, оның ішінде БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесі аясында су жөніндегі мамандандырылған халықаралық ұйым құру туралы бастамасына ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап су мәселесі бүгінде қоршаған ортаға ғана емес, тұрақты дамуға, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке, климатқа төзімділік пен әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей байланысты екенін атап өтті.

Халықаралық қауымдастықтың елеулі күш-жігеріне қарамастан, судың жаһандық күн тәртібі институционалдық бөлшектенуге тап болып отырғаны, саяси міндеттемелер мен олардың іс жүзінде орындалуы арасындағы алшақтық сақталып отырғаны жеткізілді. Осыған байланысты Қазақстанның бастамасы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, БҰҰ жүйесі аясында үйлестіруді күшейтуге, қаржыландыруды жұмылдыруға, деректер мен тәжірибе алмасуға, су ресурстарын тұрақты басқарудағы практикалық жобаларды ілгерілетуге бағытталғанына ерекше назар аударылды.

Тараптар Иранның су ресурстары, құқықтық мәселелер және көпжақты дипломатия саласындағы тәжірибесін ескере отырып, бұл бастаманы одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

ИИР Сыртқы істер министрінің құқық және халықаралық істер жөніндегі орынбасары су дипломатиясы Иран үшін өзекті мәселелердің бірі екенін хабарлап, осыған байланысты жуырда Сыртқы істер министрлігінде Су дипломатиясы комитеті құрылғанын мәлімдеді.

К.Ғарибабади Иран мен Қазақстанның екіжақты және көпжақты ынтымақтастығы деңгейіне, өзара қолдау көрсету мәселелері бойынша тығыз әріптестігіне жоғары баға беріп, ресми Тегеранның бұған дейін Астананың көптеген тың халықаралық бастамаларына қолдау көрсеткеніне назар аударды және алдағы уақытта осы ықпалдастық одан әрі нығая түседі деп сенім білдірді.

Ирандық дипломат көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша Қазақстанмен сындарлы диалогты жалғастыруға және екі елдің халықаралық алаңдарда өзара іс-қимылын нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны