13.08.2026, 19:58 23216

Қазақстан мен Кувейт бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады

Кездесулер барысында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды
Түркі инвестициялық қорының (Turkic Investment Fund, TIF) президенті Бағдад Әміреевтің Кувейт мемлекетіне жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының елшісі Ержан Елекеев TIF басшысымен бірлесіп, Кувейттің және өңірдің жетекші қаржы-инвестициялық институттарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Толығырақ тоқталатын болсақ, Кувейт араб экономикалық даму қорының (KFAED) Бас директорының міндетін атқарушы Рашид Әл-Бадермен кездесу барысында инфрақұрылымдық және басқа да басым жобаларды бірлесіп қаржыландыру перспективалары талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша жақын арада TIF пен KFAED арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ, Кувейт инвестициялық басқармасының (KIA) Басқарушы директоры Шейх Сауд Салем Абдалазиз Ас-Сабахпен кездесуде тараптар TIF-ке мүше мемлекеттердегі перспективалы инвестициялық жобаларды, оның ішінде инфрақұрылым, көлік және логистика, энергетика және қаржы салаларындағы жобаларды талқылап, Араб экономикалық және әлеуметтік даму қорының Бас директоры Фаузи Юсеф Әл-Хунаифпен кездесуде жобаларды бірлесіп қаржыландыру мүмкіндіктері және Араб үйлестіру тобының институттарымен одан әрі өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.

"Кездесулер барысында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстанның осы саладағы елеулі әлеуетін және Кувейттің азық-түлік жеткізу көздерін әртараптандыру жағдайында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын атап өтті",- деп айтылған хабарламада.


Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар нақты инвестициялық бастамаларды одан әрі пысықтауға қызығушылықтарын растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны